Қытайдан көлік әкелген 45 заңды тұлға мен кәсіпкердің шығыс операцияларына шектеу қойылған

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2026

Қытайдан көлік әкелген 45 заңды тұлға мен кәсіпкердің шығыс операцияларына шектеу қойылған. Кейінгі уақытта қытай көліктерін тізгіндейтіндер қатары көбейгені анық. Ол ел аумағына диллерлер мен делдалдар арқылы кіргізіледі. Ал шектеу қайдан шықты?

Қытайлық автомобильдердің ел нарығына кіргеніне бірнеше жыл болды. Алғашында сапасы сын көтермейді деген көліктер, бүгінде халықтың игілігіне жарап тұр. Бірақ көптің көңілінен шыққан темір тұлпарлар, кедендік кедергілердің салдарынан салықты біршама артық төлеген.

АНАР МАҚАШЕВА, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ АВТОКӨЛІК ОДАҒЫ» ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазіргі тексерулердің негізгі себебі нақты BYD брендіне емес, гибрид көліктерді кедендік рәсімдеудің ерекшеліктеріне байланысты. Кей жағдайларда гибрид көліктер электромобиль ретінде рәсімделіп, соның салдарынан сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (СЭҚ ТН) кодтары дұрыс көрсетілмеген және кедендік төлемдер мен салықтар қате есептелген. Осыған байланысты мемлекеттік органдар кедендік рәсімдеудің дұрыстығын тексеріп, кейбір жағдайда қосымша кедендік төлемдерді есептеп жатыр.

Елге заңсыз әкелінген көліктер тек жол қауіпсіздігіне ғана емес, экономикаға да елеулі зиян келтіреді. АВТОмобильдерге кедендік төлемдер мен салықтар толық төленбейді. Соның салдарынан бюджетке түсетін кіріс азаяды. Бұдан бөлек, көлеңкелі нарықтың үлесі артып, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін бәсекелестік теңсіздігі қалыптасады.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ  ЭКОНОМИСТ:

Негізінен енді бізде қандай да бір нарықтық қатынастарда көлік саласын айтатын болсақ та, қайсысы болатын болса да жалпы бұл мемлекеттің заңына қарай бағытталуы керек. Тіпті ол делдалдық қызмет біздің елге басқа мемлекеттің көліктерін әкеліп, сатса да егер де ол заңды түрде тіркелетін болса және де салық төлейтін болса, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ететін болса, онда оны оң бағалауға болады.

Иә, табыс табамын деп заңды айналып өтуге болмайды. Диллерден емес, делдалдан көлік алатындар ақша үнемдейміз дейді. Алайда алып сатардағы көліктің кепілдігі жоқ болғандықтан, сервисте жөндете алмайсыз.

САНАТ НҰРБАЙ, АВТОСАРАПШЫ:

Неміс, корей көліктері сияқты бұзылып ақау шықса, кез келген СТО-ға барып жөндетіп алатындай дүние емес. Біз оны  жаңа сіз айтқан электр көлік немесе гибрид көліктерін жөндейтін сервистер әлі толыққанды қалыптасқан жоқ. Тіпті жоқтың қасы десе де болады. Бар болған күннің өзінде үлкен қалаларда болуы мүмкін. Ббасқа қалалардан табылмай қалуы мүмкін.

Елге қандай тауар кіргізілсе де оның салық төлеп заңды рәсімделуі шарт. Кедендегі келеңсіздік кей жағдайда осы талаптардың толық сақталмауынан туындап жатады. Соның салдарынан жүк кешігіп, кейде айыппұл салынуы да мүмкін.