Қызылорда қаласында із-түзсіз жоғалған алты жастағы Медина Мұратбекқызын іздестіру жұмысы екі күннен бері нәтиже бермеді. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінен мәлімдеді.
Алдын ала мәлімет бойынша ол 5 маусым күні сағат 18:30 шамасында қаланың Рисмаш бөлігіндегі Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан бөгет аумағына ойнауға шығып, содан бері үйіне оралмаған.
- Полиция бүлдіршінге тән белгілерді жариялады. Бойы – 110–120 сантиметр, дене бітімі арық, шашы қара түсті, иығына дейін, көзі қоңыр. Үстінде ашық жасыл түсті гүлді футболка, ақ түсті шорты, көк түсті сүйретпе аяқ киім болған. Іздеу жұмысына полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, еріктілер, туыстары және жергілікті тұрғындар жұмылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Іздестіру шараларына арнайы із кесуші иттер, дрондар мен сүңгуірлер тартылды. Жедел іздестіру топтары құрылып, қажетті іс-шараларды қолға алды, - делінген хабарламада.
Жоғалған қыз баланың фотосуреті мен жеке белгілері туралы ақпарат барлық тиісті аумақтарға таратылды. Полиция Медина Мұратбекқызының жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, дереу 102 арнасына хабарласуды сұрайды.