Ұландықтар LRT станцияларында қызметке кірісті

Ұлттық ұлан


Елорда тұрғындарының LRТ-ға деген қызығушылығының артуына байланысты Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері станцияларда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Ұландықтар қоғамдық тәртіпті қадағалауға, қауіпсіздік ережелерінің сақталуына, жолаушылар қозғалысын реттеуге көмектеседі.

Станциялардағы тұрақтылықты үйлестіру қажеттілігі жолаушылар ағынының және астаналықтардың жаңа көлік объектісіне деген сұранысының артуына байланысты туындап отыр.

Қоғамдық тәртіп әскерінің сарбаздары станциялардың ішінде ғана емес, оған іргелес аумақтарда да қызмет атқарады. Дәлірек айтсақ, азаматтарға көмек көрсетеді және жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.

Негізгі міндет — елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ қоғамдық құқық бұзушылықтардың алдын алу. Азаматтардың қауіпсіздігіне және төтенше жағдайларға жол бермеуге ерекше назар аударылады. 

Қазіргі таңда қызмет 17 станцияда екі ауысымдық режиммен жүргізіліп жатыр. Станцияларда жолаушылар ағынын реттеуге және тұрақтылықтың сақталуына басымдық берілуде.

Аталмыш шаралар полиция қызметкерлерімен, көлік қызметтерінің өкілдерімен және LRT әкімшілігімен тығыз бірлесіп ұйымдастырылған.