Ұлытау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен Сәтбаев қаласының тұрғынын ұстады.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті интернет пен әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға жүргізуші куәлігін алуға көмектесетінін айтып, қызметін ұсынған. Алайда ақша алғаннан кейін жәбірленушілермен байланысын үзген. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша 20-ға жуық жәбірленуші анықталды. Факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарға Қазақстан Республикасында жүргізуші куәлігін тек заңда белгіленген тәртіппен алуға болатынын еске салады. Ол үшін арнайы оқу курсынан өтіп, емтихандарды сәтті тапсырып, құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы рәсімдеу қажет. Оқусыз және емтихансыз жүргізуші куәлігін рәсімдеуді ұсынатын кез келген ұсыныстар заңға қайшы және алаяқтық әрекеттердің белгісі болуы мүмкін. Осыған байланысты полиция азаматтарды қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және осындай фактілерге тап болған жағдайда дереу "102" арнасына хабарласуға шақырады.