Петропавлда жасөспірімдердің түнгі бұзақылығы әлеуметтік желілер арқылы анықталды

Polisia.kz

Петропавлда жасөспірімдердің түнгі бұзақылығы әлеуметтік желілер арқылы анықталды.

Петропавл қаласында жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды. Тұрғындардың бірі бейнежазбаға түсіріп алған оқиғада түн ортасында төрт жас жігіттің Уәлиханов көшесіндегі аялдама павильонын теуіп, шу шығарып, былапыт сөздер айтқаны көрінеді. Алайда куәгер бұл жөнінде полицияға хабар бермеген. Аталған құқық бұзушылық фактісі полицейлердің әлеуметтік желілерге жүргізген мониторингі кезінде анықталды. Келесі күні тәртіп сақшылары құқық бұзушылардың жеке тұлғаларын анықтады. Тексеру барысында аялдама павильонына зақым келмегені белгілі болды. Топ құрамындағы жалғыз кәмелетке толған азамат — колледж студенті, 18 жастағы жас жігіт 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қалған жасөспірімдер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ олардың заңды өкілдері ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны және кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүргені үшін жауапқа тартылды. Бұған дейін де полиция назарына іліккен жасөспірімге қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына жолдау үшін әзірленуде. Тәртіп сақшылары тұрғындарды заң бұзушылық деректерін бейнежазбаға түсірген жағдайда, бұл туралы дереу полицияға хабарлауға шақырады. Бейнематериалдарды Kaspi, Halyk және eGov Mobile қосымшаларындағы "Заң мен тәртіп" сервисі арқылы жолдауға болады. Уақтылы хабарлау жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік беріп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізеді.