Түркістан облысы Арыс қаласында көлікті масаң күйде айдаған әйел адам үш адамның ажалына себепкер болды

Түркістан облысындағы Арыс қаласында  ірі жол-көлік апаты салдарынан үш адам бақилық болды. Оның екеуі кәмелетке толмаған бала. Көпшіліктің көз алдында болған апатқа кінәлі жергілікті 52 жастағы мұғалім келіншек. Жұрттың жағасын ұстатқан оқиға сенбі күні кешкі сегіздер шамасында болған. Жүйткіп келген жеңіл автокөлік жол жиегіндегі тұрғын үйлердің бірінің алдындағы орындықта жайбарақат әңгімелесіп отырған бір топ адамды қағып, ауланың қоршауын құлата тоқтаған. Жүргізуші әйел сол сәтте оқиға орнынан қашып кетіпті. Көлік астына түсіп қаза тапқандардың екеуі бір үйдің жаны. 30 жастағы келіншек пен оның 2 жасар ұлы. Көрші үйдің 5 жасар бүлдіршіні де жан тапсырды. Ал 4 балалы жас ананың артында 3 ұлы мен жолдасы қалды.

РАУШАН АЙДАРОВА, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ :

Есітуім қатты жүріп келген машина деп отыр ғой енді. Ішіндегі рульдегі әйел адамы, у-дай мас деп отыр. Дуалмен қосып адам емес, бәрін қоса алып кеткен ғой. Бір келін мына жақа ұшқан, тағы бір әйел болған, ол анда ұшқан деп жатыр. Баламыз қышпен дуалға басылып қап кеткен. Оның басынан зақым боп сол сәтте аө кетіп қалған кішкентай бала.

Ал жарақат алған екі адам ауруханада жатыр. Олар 30 жастағы келіншек пен оның 1,6 жасар баласы. Ауыр жағдайда бірден жансақтау бөліміне жатқызылған сәби бүгін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды дейді дәрігерлер. Анасының да миы шайқалып, аяғы сынған. 

АЙДАР АКБАРОВ, ХИРУРГ:

1 жасар 6 айлық бала реанимация бөліміне ауыр жағдайда түсті. Бас миы шайқалуымен, оң жақ қабырғаларының көптеген жабық сынығы және сол жақ санының жабық сынығымен. 30 жасар келіншек хирургия бөліміне жатқызылды орта дәрежелі жағдаймен. 

Қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция JAC маркалы автокөлікті тізгіндеген әйел адамның сол сәтте мас күйде болғанын растап отыр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті іс-шараларды жүргізуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады.