Пойыздағы тарақандар: жолаушылар шағымынан кейін тексеру басталды

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2026

Әлеуметтік желілерде №37 «Маңғыстау-Семей» бағытындағы пойызда тарақандардың қаптап жүргені туралы бейнежазба қызу талқылануда. Жолаушылар жәндіктердің кесірінен демала алмағандарын айтып, пойыздардағы санитарлық талаптардың сақталуына наразылық білдірді. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы аталған вагонның соңғы рет 30 мамырда толық тазалаудан өткенін хабарлады. Қолданыстағы нормативтерге сай жолаушылар вагондары айына кемінде бір рет дезинсекциядан, тоқсанына бір рет дератизациядан өткізілуі тиіс. Қазіргі таңда жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізілуде.

«ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ» АҚ:

№37 «Маңғыстау – Семей» пойызындағы санитариялық кемшіліктер үшін пойыз бастығы, «Батыс» филиалының директоры, бас инженері, учаске бастығы және сервистік қызмет жөніндегі орынбасары мен нұсқаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, вагонды сапарға дайындаған рейс алдындағы комиссия мүшелері де тиісті бақылау жасамағаны үшін жазаланды. Қазіргі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ Орталық аппараты аталған филиал қызметін жоспардан тыс тексеру үшін арнайы комиссия жіберді.