Жиырма үш жылға созылған үміт. Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға қол жеткізе алмай, қираудың алдында тұрған ғимараттың ішінде күн кешіп отыр. Кезінде тұруға қауіпті деп танылған бұл үй уақыт өте келе одан сайын мүжіліп, қаңқаға айналып барады. Ал тұрғындардың басқа барар жері жоқ. Жергілікті биліктен көмек күтуде.
Чекалин көшесіндегі бұл екі қабатты үй өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған. Бүгінде ғимараттың жағдайы мүшкіл. Қабырғалары сөгіліп, іргетасы шөгіп барады. Шатырдан су ағады, едені ойық. Кірпіштері үгітіліп жатыр. Ал тозған кәріз жүйесі мен ескірген электр желілері кез-келген сәтте тағы бір апатқа себеп болуы мүмкін.
РАЯ БАҚТЫБАЕВА, ТҰРҒЫН:
Қазір тұруға ешқандай мүмкіндік жоқ. Үйдің бәрі құлап жатыр. Потолок құлап жатыр. Есіктен кірген су төрге шейін барады. Үйде ашқандай труба, адам тұруға, мал байлайтын үй емес бұл. Үй емес ешқандай. Бұған мал да тұрмайды. Қора. Қорадан да жаман. Біреудің қорасын барып қарасаңыз, біздің үйімізден артық.
ҚАНИЯ ӘЖІҒҰЛОВА, ТҰРҒЫН:
Шаршадым су тасып, шелек-шелек, шелек шелек тасыдық. Қасымыздағы көршілердің бәрі помогать етті, рахмет бәріне.Халығыма рахмет осылай отырғанымызға.
Тұрғындар мұны жай қолайсыздық емес, басымызға төнген қауіп, деп отыр. Жағдайы жеткендер әлдеқашан көшіп кеткен. Ал барар жері жоқтар-осы жарылған қабырғалардың ішінде қалуға мәжбүр. Бұл үй 2003 жылы апатты деп танылды. Сол кезде әкімдік комиссиясы келіп, жақын арада қоныс аударуға болатынын айтқан. Жер телімі бар. Мердігер «Стройстандарт-222» серіктестігі. Бірақ құрылыс басталар емес.
ӘСИМА ОМАРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН-ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
Қазіргі уақытта мердігер бар, жер бөлінді. Тұрғындарға үй салып беру уәдесін енді мердігерлерден күтеміз. Биылғы жылы аяқтап беремін деп уәде етіп отыр. Алайда жерге қазіргу уақытта керекті материалдар жеткізілді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмысты бастай алмай отырмыз деген уәждерін айтып отыр.
Ал тұрғындар үшін тағы бір мерзімнің жариялануы жаңа үміттен гөрі кезекті уәдеге ұқсайды. Себебі олар мұндай сөзді жыл сайын естиді. Ресми мәлімет бойынша, бүгінде Ақтөбеде 39 апатты үй бар. Ал Чекалин көшесіндегі тұрғындардың тағдыры ауа райы мен мердігердің жауапкершілігіне байланысты болып тұр.