"Хакерлер 2-3 секунд ішінде бұғаттап, аккаунтқа кіре алады", - маман

Телефоныңыздағы құпия сөз қандай? өзіңіздің атыңыз ба, әлде туған жылыңыз ба?  Бәлкім, 1-ден 6-ға дейінгі сандар шығар? Иә, бәріміз де құпия сөзді ұмытып қалмайық деп, барынша оңайын таңдаймыз. Салдарынан, есепшоттарды бұзу, жеке парақшаларды қолды қылу оқиғалары жиіледі. Жыл басынан бері 9 мыңнан астам қылмыстық іс дәл осы кибералаяқтарға қозғалған. 750-ге жуық адам жауапқа тартылды. Жеке деректі жат қолдан қалай қорғаймыз? Әріптесім Назерке Алтынбек мәселені зерттеп көрді.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

АстанаНазерке2026. А жоқ. Оны ұмытып қалармын. Одан өзімнің үйреншікті поролімді жаза салайын... Рас, әлеуметтік желі ашқанда немесе бір сайтқа тіркелгенде бәріміз осылай бас қатырмай, бұрынғысын қолдана саламыз. Сосын көбіне есімімізді я туған жылымызды жазамыз. Мұны киберқылмыскерлер жақсы біледі. Ал көшедегі жұрт құпия сөз таңдағанда қандай айлаға көшеді екен? Сұрап көрдік.

БЛИЦ:

- Бәріне бір пароль қоямын, өйткені ұмытып қала беремін. Он жылдан бері бір парольмен жүрмін, оны менен басқа ешкім білмейді, ешкім бұзып та көрмеген.

- Негізі барлық жерге бірдей қоямын, тек соңындағы бір-екі санын ауыстырамын. Бала кезден жаттап қалған бір сан болады ғой, соны өмір бақи қолданасың.

Бір қарағанда ыңғайлы көрінгенімен, дәл осы әдетіміз алаяқтар үшін таптырмас олжа. Статистикаға сенсек, әлемде 1-ден 6-ға дейінгі сандарды пароль қылғандардың саны 21 миллионнан асады. Ал «Admin» сөзін 21 миллион, 1-ден 8-ге дейінгі сандарды 8 миллионнан астам адам қолданып жүр. Кибермамандардың айтуынша, бір парольді бірнеше аккаунтқа жаппай қою үлкен қауіп. Егер хакерлер бір сайтты бұзса, сіздің қалған парақшаларыңызға да жол ашылды деген сөз.

АЙЫМ ҚАЙРОЛДАЕВА, QAZCLOUD КОМПАНИЯСЫНЫҢ PR ДИРЕКТОРЫ:

"Аа123" деген сияқты парольдерді қолдану өте қауіпті болып саналады. Себебі арнайы бағдарламалар бұл парольдерді 1-2 секунд ішінде таба алады және де хакерлердің қолында бұрынғы деректердің сыртқа шығып кетуінен жиналған парольдердің базасы болады. Сол базаның негізінде хакерлер парольдарды болжаумен айналысады. Оны хакер өзі қолмен теріп отырмайды. Бұл арнайы бағдарлама, 2-3 секунд ішінде бұғаттап, аккаунттарға кіре алады.

Қазір алаяқтардың қулығына құрық бойламайды. Олар тек пароль бұзумен шектелмей, телефон шалып, өздерін банк немесе полиция қызметкерімін деп таныстырады. Осындай тұзаққа түсіп, сан соғып қалмау үшін тәртіп сақшылары мынаны ескертеді.

БЕЙБІТ БІРЖАНОВ, ҚР ІІМ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Егер де қоңырау шалу арқылы жасалған алаяқтық фактілері тіркелсе, міндетті түрде ресми қайнар көздерден тексеру керек. Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері арнайы операцияларды WhatsApp желісі немесе қоңырау шалу арқылы жүргізбейді.

Алаяқтар құрбанының жасына да, жынысына да қарамайды. Сондықтан жеке деректерді қорғаудың ең қарапайым ережелерін сақтаған жөн. Қауіпсіздікке бейжай қарамайтын өзге тұрғындар құпия сөзді былай құрастырады.

АЙЫМ ҚАЙРОЛДАЕВА, QAZCLOUD КОМПАНИЯСЫНЫҢ PR ДИРЕКТОРЫ:

Арнайы таңбаларды, сандарды қолдану негізі хакерлердің жұмысын қиындатады. Себебі, 1234-тің арасында леп белгісі немесе жұлдызша тұрса, оны табу қиынырақ болады.

Қысқасы, виртуалды әлемдегі қауіпсіздік өз қолымызда. Мамандар құпия сөзге бас әріптерді, сандар мен арнайы таңбаларды араластырып жазуды және міндетті түрде екі факторлы аутентификацияны қосып қоюды кеңес береді. Сонда ғана деректеріңізді жат қолдан аман сақтай аласыз.