Елордада эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионаты өтеді

Фото: ОКҚ

Астана қаласында эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионаты өткізіледі. Құрлықтық біріншілік Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылмақ, бұл елдегі эстетикалық топтық гимнастиканың жоғары даму деңгейін растайды. Елде 8 жыл ішінде 211 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 409 Қазақстан Республикасының спорт шебері даярланған. Бұл жайында Астана эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Әйгерім Әбділдина ОКҚ брифингінде хабарлады.

«Эстетикалық топтық гимнастика – табиғи, үйлесімді және денсаулыққа қауіпсіз қозғалыстарға негізделген олимпиадалық емес спорт түрі. Эстетикалық топтық гимнастикамен 4 жастан бастап айналысуға болады. Команда құрамында 6-дан 14-ке дейін спортшы өнер көрсетеді. Бұл спорт хореографияны, әртістік шеберлікті, синхрондылықты, икемділікті, күш пен командалық жұмысты біріктіреді», - деді спикер.

Айта кетерлігі, 2023 жылы Алматы қаласында осы спорт түрі бойынша әлем чемпионаты өткізілген.