Қыр соңынан қалмай, мазасын алатындар 5 жылға сотталуы мүмкін

Қазақстанда қыр соңынан қалмай аңдып, өміріңізді тозаққа айналдыратын қудалаушылар, яғни сталкинг жасаушылар енді 5 жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі заңды барынша қатайтуды ұсынды. Қырсық қудалаудың шегі қалай анықталды? Неше қоңыраудан кейін адамды қылмыскер деп танимыз? Тақырыпты әріптесім тарқатады.

Бір күнде жүз қоңырау, мың хабарлама және есігіңіздің алдында тұрған бейтаныс бейне. Бұл - махаббат емес, бұл - адамның жүйкесін тамшылап құртатын көлеңкелі қылмыс. Қазір оларға беріліп отырған 50 тәуліктік жаза тым жеңіл болып шықты. Тіпті, қамаудан шыға сала жәбірленушіні қайта аңдыған сорақы оқиғалар тіркелуде. Бұл қылмыстың сорақылығы сол, мұнда бірден қан төгілмейді, соққы жасалмайды. Қаскөй адамды тірілей тұтқынға алады. Бір қоңырау, бір хат қауіпті көрінбеуі мүмкін, бірақ оның артында сұмдық жүйе жатыр.

НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Егер денеде жарақат, көгерген із болмаса, қоғамда "ештеңе болған жоқ" деп қарайтындар көп. Бірақ сталкинг бұл процесс-қылмыс! Жүйелі қудалау адамның зәре-құтын қашырып, қауіпсіздігін толық жояды. Жәбірленуші өз үйінде отырып-ақ психологиялық тұтқынға айналады. Телефон нөмірін ауыстырады, маршрутын өзгертеді, әлеуметтік желіден қашады. Заңға "бес қоңыраудан кейін қылмыс" деп жаза алмаймыз, сондықтан бізге бірыңғай, қатал сот тәжірибесі ауадай қажет.

Биылдың өзінде сталкинг бойынша 274 қылмыстық іс қозғалып, 83-і сотқа жолданған. Ішкі істер министрлігі құрбандардың психологиясына салмақ түсірмеу үшін бұл істерді тергеуді тек әйел қызметкерлерге сеніп тапсырды. Алайда, қылмыстың тамырын қию үшін жазаны шұғыл арада орташа ауыр қылмыстар санатына ауыстыру көзделуде. Қазіргі цифрлық заманда қаскөй мың шақырым жерде отырып-ақ өміріңіздің күл-талқанын шығара алады. Дана Нұржігіт бұл дерттің тамырын тереңнен тартқан.

ДАНА НҰРЖІГІТ, ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Сталкингке шағым жасап келген адам арызды береді. Полиция оны қалай тергеу керек? Міне заң жұмыс істейді деген осындайда пайда болады. Менің тағы бір ұққаным бұл қылмыспен ашық күресу керек. Сталкинг жасап жүрген адам тығылып жүреді. Сенің көлеңкеңе айналады. Онымен тек қана ашық күресіп қана жеңе аласың.

Қазірдің өзінде 59 адам тиісті жазасын алды. Ал қыз алып қашу, мәжбүрлеп некеге отырғызу бойынша 12 іс сотқа кетті. Ішкі істер министрлігі жазаны бірден орташа ауыр қылмыс санатына өткізуді талап етіп отыр. Бұл дегеніміз егер әлгі қудалаушы сотталғаннан кейін де есін жимай, қыздың артына қайта түссе, енді ол уақытша изоляторға емес, түрмеге қамалады.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі қолданыстағы заң бойынша сталкинг үшін ең көп дегенде 50 тәулікке дейін қамау немесе айыппұл қарастырылған. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жаза кейбіреулерді тоқтата алмай жатыр. Сондықтан біз Мәжілістің жұмыс тобында заңды қатайтуды ұсынып отырмыз. Заңға қайталап жасау белгісін енгізіп, сталкингті орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына ауыстыруды көздеп отырмыз. Егер қылмыс қайталанса, жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру болады.

Біреудің өміріне қол сұғып, мазасын алу - ермек емес, ауыр қылмыс. Заң жұдырығы бұдан былай қауқарсыз болмайды. Егер ІІМ ұсынған түзетулер қолдау тапса, қыр соңынан қалмайтын қырсық қудалаушылар енді айыппұлмен ғана құтылмайды, 5 жылға темір тордың арғы жағына аттануы әбден мүмкін. Өйткені әрбір азаматтың өз үйінде де, түзде де қауіпсіз өмір сүруге құқығы бар.