5 облыста казино салынады

Жақындағы Алакөлден, алыстағы Түркия артық. Табиғаты көркем жерге баратын жол жоқ. Барған күннің өзінде, жататын қонақ үй жоқ. Ал, бар отельдер шетелдегі «All inclusive»-тен едәуір қымбат. Үкіметте туризм саласының проблемалары қаралды. Премьер-министр салалық ведомство басшылары мен өңір әкімдерін сынға алды. Себебі, жоспарланған жұмыстың өзі көңіл көншітпейді.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Қазақстанның тұмса табиғатына тең келер ел жоқ. Алайда, ол жерлерге барамын деген адамның сілесі қатады. Себебі жөні түзу жол әлі жоқтың қасы. Жеткеннің өзінде 5 жұлдызды қонақ үйдің құнын төлеп, бірақ қарапайым жағдай жасалмаған жерде жатасыз. Жылда айтылып келе жатқанына қарамастан, жақсы өзгеріс болып, отандық қана емес, шетелдік туристерді көптеп тартатын күн қашан туатыны әлі беймәлім.

Беймәлім деп білмегеннің кейпін тартуымызға себебі көп. Мемлекет басшынан бастап бәрі біледі. Бектенов тағы шегелеп тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысына барған жұмыс сапарында туристік саланың дамуын сынға алды. Президент өңірдік туристік әлеуеті мен инфрақұрылымын жедел қарқынмен дамыту қажеттігін атап өтті. Бұндай жағдай басқа облыстарда да байқалады. Сондықтан, барлық әкімдіктерге туристердің жайлы, қауіпсіз демалысын қамтамасыз етіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған тиісті инфрақұрылымды жедел бағытта дамытуды тапсырамын.

Қазақстанда эко-туризмнің де кенже қалғанын айтып, Үкімет басшысы бір ай ішінде нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, көптеген мекендерге қатынаудың өзі үлкен проблема екенін ескерті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Халықтың тарапынан танымал әрі шалғайдағы туристік бағыттарға қатынаудың қиындығы туралы шағымдар келіп түсуде. Әуе және теміржол билеттерінің тапшылығы мен билет бағасының қолжетімділігі де алаңдаушылық туғызады. Көлік министрлігі әуе компанияларымен және Қазақстан темір жолымен бірлесіп, демалушылар үшін қолайлы бағамен танымал курорттық бағыттарға рейстерді және орындар санын арттыру шараларын қабылдасын.

Туризмді дамыту мақсатында Қазақстанда жол мен қонақ үйден бөлек казино да салынады. Алайда, ол ойынханаларда отандастарымыз ойқастай алмайды. Себебі, қазақстандықтардың кіруіне тыйым салынбақ. Казинолар еліміздің 5 өңірінде бой көтермек.