Жамбылда жаңадан салынған балабақша он жыл өткен соң жарамсыз болып қалған

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2026

Жамбылда жаңа салынған балабақша он жыл өткен соң жарамсыз болып қалған. Құлау қауіпі бар деп қазір сауда үйін ай сайын 2 млн теңгеге жалға алып отыр. 200 бала сонда тәрбиеленіп жатыр. Ал қос қабатты зәулім ғимараттың астын су басып, қабырғалары қақ айырылып, нысан жарамсыз деп танылған.

Мектепке дейінгі мекеменің келбеті келіскенімен іші бүлініп, іргетасы сөгілген.

Едені отырып, қабырғалары қақ айрылған. Ол аздай екі жыл жұмыс істемегендіктен ішіндегі көп дүние қолды болыпты. Кей жерлердең есік-терезелерін бұзып алып кеткен. Қазір аудан орталығының тұрғындары алыс жерге сабылып, сауда орталығына балаларын тасуда.

МАДИНА АМАНЖОЛ, МОЙЫНҚҰМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

24-ке дейін келді ғой деймін. Жабылғанға дейін 2 жыл балабақшада болды. Содан кейін ескі балабақшаға барып жүрміз, бір жақтан екінші жаққа тасып, үйден алыстап кеттік. Балаларымызға ойнағанға ыңғайлы мына жақтың жағдайы жасалған еді. Қазір енді қиналып жүрміз. Жөндеп берсе өте дұрыс болар еді. Ең бастысы сол болып тұр.

Қазір жалға алып отырған сауда үйінде 200 бүлдіршін тәрбиеленіп, 41 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Айына 2 млн теңге төйлеп отырған мекемеге балалар сыймай жатыр екен.

САМАЛ НАҒАШЫБАЕВА, «ҚҰЛЫНШАҚ» БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Өзіміздің ғимарат болған қандай жақсы ғой. Өйткені өзіміздің ғимаратқа жете алмай «аренда» да отырмыз қазір. Амалдың жоғынан өйткені басқа жер жоқ. Бос орын жоқ. Бала көп. Қамтылатын бала көп. Сыймайды.

Екі жыл бұрын жұмысын тоқтатып, қолданысқа қауіпті деп танылған мектепке дейінгі мекемеге 150 млн теңге жұмсалыпты. Апатты ғимаратты аудан әкімі биыл ғана қайта сараптамаға жіберіпті. Соның қорытындысын күтіп отыр екен.

ЕРМЕК КАРЕНТАЕВ, МОЙЫНҚҰМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біз оны өз балансымызға алып, облыстық білім басқармасымен біраз жұмыстар жасап, эксперттер шақыртып жатырмыз. Себебі, біз қазір жай ремонт жасасың ертең үсті балалардың үстіне құлап кетсе, кім жауап береді? Қандай жұмыстар жасаймыз оның жобасын жасау керек. Содан кейін ғана біз шешім қабылдаймыз.

Барлық жағдай жасалған балабақшамыз қашан жөнделеді деген аудан тұрғындарының талабына әкімдік асығар емес. Түрлі сылтаумен әңгімені ақшаға әкеп тіреп отыр дейді. Жұрт биыл жөнделмесе, балаларды жалға алып отырған сауда үйіне емес аудан әкімдігіне апарамыз деп отыр.