Трамп: «Мен Иран халқын қырғым келмейді»

Иранға бар қаһарымды жаудырамын. Биньямин Нетаньяху осылай деп үндеу жасады. Демалыс күндеріндегі соққыдан есін енді жинаған Израиль қарымта соққы жасамақ. Трамп та ашулы. Ол Израиль Премьер-министріне: тағы тілімді алмасаң, Иранмен өзің арпалысасың, - дейді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Нетаньяху Ираннан кек алмақ. Ол бүгінгі халыққа үндеуінде ашуға булығып, қайтсем де Тегеранды қанға бояймын деп мәлімдеме жасады. Оған себеп, демалыс күндеріндегі Иранның соққысы себеп болды. Зардап шеккендер болмағанымен, бірнеше қалаларда үйлер қирап, зымыран бөлшектері көшелерді басып қалды.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Израиль қарулы күштерінің бар назары енді Иранда болады. Олар бұл соққысы үшін жауап береді. Тұтқиылдан шабуылдап, бізді жеңеміз деп ойлаған сияқты. Естеріңде болсын. Иран ешқашан Израильді жеңбейміз. Ал, бұл соққылары үшін жауап береді. Иран билігін тағы бір қан жылататын кез келді.

Трамп болса, Нетаньяхуды сабасына түсіре алмай әлек. Кешегі: «Ол менің қолшоқпарым», - деген сөзі шындыққа жанаспаған соң, АҚШ Президенті сес көрсетуін жалғастырды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің тілімді алмайтын адамдарды онша жақсы көре бермеймін. Нетаньяху болса, тіптен артық кетіп барады. Ол бұлай жалғастыра берсе, Иранға қарсы бетпе-бет жалғыз қалады. Дым көмектеспеймін. Сол кезде не істер екен? Өздігінен оның қолынан дым келмейді.

Иранмен келісім екі күн ішінде дайын болады. Өтпелі сайлау алдында АҚШ Президенті өз рейтингін қалпына келтірмек. Сол үшін шұғыл түрде бар дипломаттарының күшін Иранмен бейбіт келісім жасауға жұмсап жатыр.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЗИДЕНТІ:

Ештеңеге қарамастан, Иранмен келісім жасалады. Олардың басқа таңдауы жоқ. Ормуз бұғазын бұғаттаймын деп еді. Ол әрекеттерінің артынша өздері үлкен дағдарысқа ұшырады. Мен Иранға адамзат тарихында болмаған соққы жасап, тып-типылын қалдырмай қырып тастауыма болады. Алайда, мен Иран халқына жамандық ойламаймын. Олардың, бейбіт өмір сүргенін қалаймын. Сол үшін дипломатиялық қана күш жұмсап отырмын.

Филиппиндегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны сағат санап артып барады. Зілзала 37 адамның өмірін жалмады. 7,8 баллға жеткен дүмпу Оңтүстік-Шығыс Азиядағы өзге елдерде де сезінді. Кейбірінде цунами қаупі әлі сақталып отыр. Филиппин оңтүстігіндегі 20 мың адам өз баспаналарын тастап қашуға мәжбүр болған.