Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуда жаңа кезеңге қадам басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі ауқымды цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу стратегиясын бекітті. Құжат мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттырып, экономиканың түрлі саласына жаңа технологияларды енгізуді және жасанды интеллект саласындағы мамандар даярлауды көздейді. Жаңа бастама елдің цифрлық трансформациясына қалай әсер етеді?
Еліміз технология тетіктерін енгізуді ерте қолға алды. Алғашында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіруге мүмкіндік берді. Бүгінде миллиондаған азамат құжатын қолындағы құрылғыдан рәсімдеп, түрлі анықтама, әлеуметтік қызметтерді үйден шықпай ақ пайдалана алады. Жаңа стратегия жүйелі жұмысты одан әрі жалғастырып қана қоймай, жасанды интеллектіні кеңінен қолдануды жолға қоятыны анық.
БАХТИЯР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Мысалы, өндіріс саласын алайық. Өндірілген өнімді қажетті көлемде тасымалдауды қамтамасыз ету керек. Сондықтан өндіріс пен көлік-логистика арасында өте тығыз байланыс бар. Жасанды интеллект автоматты түрде қанша өнім шығарылғанын анықтап, оны тасымалдау үшін қанша вагон немесе көлік қажет екенін, олардың қай уақытта жеткізілуі тиіс екенін есептей алады. Бұл – жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін көрсететін қарапайым мысалдардың бірі.
Ақылды технологиялар ең алдымен уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мәселен, мемлекеттік органдарда құжаттарды өңдеу, азаматтардың өтініштеріне жауап беру және үлкен көлемдегі деректерді талдау жұмыстары автоматтандырылуы мүмкін. Бұл қызмет көрсету сапасын арттырып, шешім қабылдау процесін жеделдетеді.
ҰЛЖАН ОСПАНОВА, ЦИФРЛЫҚ ҮКІМЕТТІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЖОБАЛАРДЫ МОНИТОРИНГІЛЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ДИРЕКТОРЫ:
Стратегияда ең алдымен адами капиталды дамыту мәселесі қарастырылған. Сонымен қатар медицина, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау қызметтеріне ерекше назар аударылады. Стратегияның екінші бағыты – экономика. Бұл бағыт ең алдымен Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің негізгі бөлігін қалыптастыратын салаларды дамытуға және олардың тиімділігін жасанды интеллект технологиялары арқылы арттыруға бағытталған.
Стратегияда сапалы кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Алдағы жылдары жоғары оқу орындарында жасанды интеллект бағытындағы білім беру бағдарламаларын дамыту, зерттеу орталықтарын құру және ІТ саласындағы мамандар санын арттыру жоспарланып отыр. Бұған дейін Ай сана бағдарламасы арқылы шамамен бір миллион азамат жасанды жүйемен жұмыс істеудің базалық дағдыларын меңгерген еді. Бұл Қазақстанның жаһандық жарыста бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
ҰЛЖАН ОСПАНОВА, ЦИФРЛЫҚ ҮКІМЕТТІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЖОБАЛАРДЫ МОНИТОРИНГІЛЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ДИРЕКТОРЫ:
Биыл AI-Sana бағдарламасы жаңа форматқа көшіп, жалпыұлттық деңгейдегі жобаға айналады. Егер бұрын бағдарлама негізінен студенттер мен оқытушыларға бағытталса, енді ол қоғамның барлық мүшелерін қамтиды. Бағдарлама жоғары оқу орнын тәмамдаған азаматтарға да, мектеп оқушыларына да, мектепке дейінгі жастағы балаларға да қолжетімді болады.
Жаңа стратегияның табысты жүзеге асуы ақылды қосымшаны енгізумен ғана шектелмейді. Ол үшін саладағы инфрақұрылымды дамытып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды. Жасанды интеллектіні тиімді пайдалансақ, тың технология ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы мүмкін.