Павлодар облысында бүтін бір ауыл ауыз суға жарымай отыр

Ми қайнаған ыстықта Павлодар облысында бүтін бір ауыл ауыз суға жарымай отыр. Баянауыл ауданы Шөптікөл елдімекенінде ауыз су деген атымен жоқ. Ауылға Майқайыңнан аптасына екі-ақ рет су таситын көлік келеді.  Ауыл тұрғындары тесік ыдыс қалдырмай,  су құйып алады.  Алайда, аптап ыстықта оның өзі жетпей қалады. Ауыл халқының бұл мәселені көтеріп келе жатқанына 30 жылдан асқан. Қаншама уақыт өтсе де, түйінді түйкіл шешілмепті. Ауылдағы ағайынның базынасын тілшіміз Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Шөптікөл ауылы өркениет атаулыдан жұрдай. Үйлер қаңырап бос қалған. Мұнда мектеп те,  медпункт те, дәріхана да, , тіпті, дүкен де жоқ. Ал су деген атымен болмаған. Бұл ауылдан бір тамшы судың өзін табу қиын.

Қазір бар жоғы 62 адам қалған. Кезінде аты дүркіреп тұрған елді-мекеннің тоз-тозы шығыпты. Өйткені, ауыз су жоқ. Сол себепті тұрғындар үдере көшкен. Ауыл халқы тіршілік нәрін аптасына екі-ақ рет келетін су таситын көліктен алады.

КӘКІМЖАН ЗИЯДЕНОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауыз су қиын болып тұр. Жазды күні жол бар, қысты күні жол болмай қалады да, машиналар келе алмай қалады водавозбен тасып жүр. Су жоқ. Су жоқ болғаннан кейін өмір қиындау ғой енді. Бала-шағасы бар, кір қоңы бар деген сияқты. Ауыл болғаннан кейін, үй болғаннан кейін біраз мал ұстау керек. Малды да асырау үшін әжептәуір күш керек суға.

Судың литрін 15 теңгеден сатып алады. Қаражаты барлар  тонналап су алып қалуға тырысады. Өйткені, жаздың ыстығында ауыз су  бір аптаға жетпей қалады. Елдімекенде құдықтың өзі жоқ. Малға да суды сатып алған судан беруге мәжбүр. Ауылда Кеңес кезінен қалған жалғыз құдық болған. Оның өзі істен шығыпты. 

АЙТБАЙ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауыз суды сатып аламыз. Шелегі 15 теңгеден. 1 шелегі 15 теңге. Соны сатып аламыз. Біз енді тонналап алып қоямыз. Үйдің ішінде ыдыстар бар, ёмкостар бар запась етіп қоямыз. Насос кейде жанып кетеді. Сол кезде су болмай қалады. Сол кезде малды сатып алып суарамыз. Мына ауылдың жағдайы осындай.

Ауылдағы ағайынның судың жайын айтып, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Айдалада жатқан ауыл жұртын еститін тірі жан табылмапты. Аудан атқамінерлерін біз де таба алмадық. Аудан әкімі телефон арқылы уақыты жоғын айтты.

БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМДІГІ:

Майқайың кентіне қарасты Майкөбе, Сұлужон ауылдарында су құбырының құрылысы 2020 жылы басталып, 2024 жылы аяқталды. Шөптікөл ауылында су құбырын салу жобасы бойынша 2025 жылғы 29 желтоқсанда оң қорытынды алынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландыру үшін 2027 жылға бюджеттік өтінім беріледі. Жобаның жалпы сметалық құны - 278,410 млн. теңге.

Әкімдіктің ақпаратынша, ауыз су құбырын тарту жоспарланған. Алайда, оның қашан тартылатыны әзірге белгісіз. Себебі, қаражат бөлінбеген. Белгілісі тұрғындар аптап ыстықта суды тасып ішуіне тура келмек.