Солтүстік Қазақстан облысында жайылымдық жер тапшы

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындары бас көтерді. Жұрт жайылымдық жерлер тапшы деп налиды. Айтуларынша, елдімекен маңайындағы алқаптардың барлығы жекенің қолына өтіп кеткен. Сондықтан қараша таршылық көріп отырса керек. Мәселенің мәнісін аймақтағы тілшіміз білді.

Бескөл ауылының тұрғыны Айдын Смайылов мал басын көбейтумен айналысады. Шаруа ауыл маңайындағы шұрайлы жерді пайдаланып, жылқы санын 18 басқа дейін жеткізген. Алайда, енді төрт түлігін қайда апарарын білмей дал. Жайылымдық жердің тапшылығынан үй жануарлары шүйгін шөпке зар болып отыр.

АЙДЫН СМАЙЫЛОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Несие алып, мал басын көбейтеміз деген ниетпен алдық қой. Оның несиесін төлеп жатырмыз. малды сатып жіберіп, несиені жауып тастаймыз. Осы күнімізді малмен көріп отырмыз. Малымызды семіртіп, жылдан жылға соғымымызды дайындап деген сияқты осы малменен күн көріп отырмыз.

Жайылымның аздығы мал санының азаюына да тікелей әсер етіп отыр. Тұрғындардың айтуынша, 200дің маңайында болған ірі қараның саны бүгінде 60 басқа дейін қысқарып қалған. Қазір соның өзі көк шөпке жарымай отыр.

ҚУАНДЫҚ МҰХАММАДИЕВ, БАҚТАШЫ:

Құмырсқа деген жер, екі ай бағатынмын да, сосын алып кететінмін, Бескөлге қаратай шөп көтерілгеннен кейін. Сол көтерілген кезде маған әкеліп штраф салғызды. Бескөлдің қасында бір болото бар, сол болотадан шығармаймын өзі. Ол болотода жүрген мал тышқақтайды, малдың емшектері қамысқа тілінеді. Бүкілі сатып жатыр малдарын.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, Бескөл ауылында екі мыңға жуық жайылымдық жерлер бар. Бұл аумақ мал санына байланысты белгіленген. Және соңғы жылдары жекеге сатылмаса керек.

РУСЛАН АСПАНОВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жердің ауданы өзгерген жоқ. Жұрт малын апарған аймақ - ол ауыл шаруашылығы алқаптары. Бұған дейін жер иелері тұрғындарға малды жіберуге рұқсат беріп келген болар. Ал қазір тыйым салып отырса керек.

Сөйтіп, әкімдік өкілдері жақын арада жұртпен тілдесіп, тығырықтан шығар жол іздеуге уәде берді. Ал жұрт оған дейін малымыз арып кетпесе болды, деп алаңдаулы.