Қазақы тазы әлемдік аренада топ жарды

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2026

Қазақы тазы халықаралық аренада тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Италияның Болонья қаласында өткен әлемдегі ең беделді кинологиялық көрмелердің бірі - World Dog Show 2026 көрмесінде ұлттық ит тұқымы жоғары бағаланып, бірнеше мәртебелі атақты иеленді.

World Dog Show - кинология саласындағы ең беделді халықаралық көрмелердің бірі. Биыл Италияның Болонья қаласында өткен шараға әлемнің 70-тен астам елінен 370 ит тұқымы таныстырылып, 31 мыңға жуық жануар бақ сынады. Қазақы тазы да халықаралық аренада ел намысын қорғап, Қазақстанның ұлттық бренді ретінде таныстырылды.

БАУЫРЖАН СЕРІКҚАЛИ, ҚАЗАҚСТАН КИНОЛОГТАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мақсатымыз бүкіл әлемге таныту. Әлемге тазының тұқымы, тазының ерекшелігі туралы, тарихы, еліміз туралы ақпаратты жеткізу.

Қазақстаннан барған 12 тазы бірнеше беделді байқауға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті. Әлемдік көрменің қорытындысы бойынша Челси мен Табиғат жасөспірімдер арасындағы бәсекеде топ жарса, Лашын мен Рея ересектер санатында Әлем чемпионы титулын жеңіп алды.

ӘНУАР ӘЛЖАНОВ, ХЭНДЛЕР:

Әлем танып жатыр. Дүние жүзіне асыл мұрамыз жайлы ақпарат беріп, ұлттық құндылықты дәріптеу өте маңызды деп ойлаймын.

Көрме аясында Қазақстан кинологтар одағы қазақы тазыға арналған арнайы ұлттық стенд ұйымдастырды. Онда қонақтар мен сарапшылар ұлттық ит тұқымының тарихымен, ерекшеліктерімен және қазақ халқының мәдениетіндегі орнымен танысты.

Мамандардың айтуынша, мұндай жетістіктер қазақы тазыны халықаралық деңгейде кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Қазір тұқым Халықаралық кинология федерациясының алдын ала мойындау мәртебесіне ие.