Shakarim University оқытушысы дүниежүзілік рекордтар кітабына енді

Фото: gov.kz

Абай облысында қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған мәдени іс-шара өтті. Нәтижесінде ҚР Мәдениет саласының үздігі, Shakarim University «Өнер» кафедрасының оқытушысы, университеттің Құрметті профессоры Қайрат Қабышев этномәдениет бағыты бойынша Азия мен Африканың дүниежүзілік рекордтар кітабына енді.

Рекордты тіркеу қорытындысы бойынша өнер иесіне ресми сертификат пен Күміс медаль табысталды. Қайрат Арқашұлы рекорд орнату барысында қазақтың 102 дәстүрлі әнін 5 сағат 29 минут бойы орындады. Рекорд талаптарына сәйкес әр 25 әннен кейін 15 минуттық үзіліс жасау мүмкіндігі қарастырылғанымен, орындаушы бұл құқықты пайдаланған жоқ. Барлық шығармалар нотасыз, мәтінсіз, фонограммасыз және орындаушының өз аспаптық сүйемелдеуімен орындалды.