Мемлекет басшысы Қазақстанның Конституциясына сәйкестендіру және құқықтық жүйені жетілдіру аясында екі заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Біріншісі – қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару және әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне түзетулер енгізуді қарастыратын заң, екіншісі – сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін жетілдіруді мақсат тұтқан заң. Екі құжат та еліміздің заңнамасын заманауи талаптарға сәйкес келтіруге бағытталған.
— Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, — делінген хабарламада.
Ал қылмыстық және әкімшілік заңнаманы жетілдіруге бағытталған заңға қатысты:
— Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, — деп хабарлады Ақордадан.
Заңның мәтіндері баспасөзде жарияланады.