FIFA футболдан әлем чемпионатының әнұранын жариялады

Фото: Instagram/fifaworldcup

Халықаралық футбол қауымдастақтары федерациясы (FIFA) бүгін басталатын футболдан әлем чемпионатының әнұранын өзінің ресми сайтында жариялады.

DNA деп аталатын композицияны италиялық опера әншісі Андреа Бочелли, әлемге танымал диджей әрі продюсер Дэвид Гетта, «Грэмми» сыйлығының үш дүркін иегері, америкалық әнші Megan Thee Stallion және «Оскар», «Грэмми» мен «Алтын глобус» сыйлықтарының лауреаты, оңтүстіккореялық орындаушы EJAE бірлесіп жазған.

 

— Бұл туынды үш ел мен 16 қабылдаушы қалада өтетін алғашқы FIFA әлем чемпионатының рухын көрсетеді. Турнир барысында 48 құрама әлемдегі ең ауқымды футбол аренасында бақ сынайды, — делінген халықаралық ұйымның мәлімдемесінде.

Әнұран алғаш рет 11 маусым күні жанды дауыста Мехикода өтетін футболдан әлем чемпионатының ашылу салтанатында орындалады. Оны Андреа Бочелли мен EJAE орындайды. Сондай-ақ шараға David Guetta да қатысады.

— Футбол менің өмірімнің ажырамас бөлігі және әрдайым жүрегімнен ерекше орын алады. FIFA әлем чемпионатының әнұранын орындауға және ашылу салтанатына қатысуға шақырту алу — мен үшін зор мәртебе, әрі ерекше толғаныс сыйлайтын оқиға, — деді Бочелли.

Әсерімен әнші EJAE де бөлісті.

— Бұл мен үшін маңызды, себебі ән мәтінінің бір бөлігін корей тілінде жазу мүмкіндігіне ие болдым. Осындай үлкен сахнада Оңтүстік Кореяның атынан өнер көрсету – зор мәртебе. Балалық шақтағы ең сүйікті естеліктерімнің бірі – 2002 жылғы әлем чемпионаты кезіндегі Сеул. Сол уақытта бүкіл қаланың қалай біріккенін көрген едім, — деп атап өтті ол.