Алматыда алаяқтарға алданып қалған 75 жастағы зейнеткер үйін қайтаруын талап етеді

  • AstanaTV
  • 11 маусым 2026

Алматыда алаяқтардың тұзағына түсіп баспанасыз қалған 75 жастағы кейуана полициядан көмек сұрайды. Әккілер құзырлы органдардың атын жамылып, сеніміне кірген. Тіпті қызының атынан несие рәсімдеген.

Жәбірленушінің айтуынша, алаяқтар өздерін банк қызметкері мен құқық қорғау органдарының өкілі ретінде таныстырған. Қызының атына бірнеше несие рәсімдеп, 2 миллион теңгеге жуық қарыз жүктеген. Кейін отбасының жалғыз баспанасын нысанаға алып, үйге қауіп төніп тұрғанына сендірген.

ЖОЛШЫҚАН ҚОРҒАМБАЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

35 жыл тұрдым осы жерде. Енді қаңғырып жүрмін үйі жоқ иттер ұқсап. Көмектесіңіздерші. Осындай жасқа келіп осындай жаман өмірге келдім. Мен жылап отырмын мына сумкамды құшақтап. Өз үйіме қайтып келсем менің арманым болмас еді.

ЛАУРА ЕЛУБЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ҚЫЗЫ:

Маусымның 9-ы үйде үшеуіміз отырғанбыз. Бір кезде бір адамдар келіп, біздің есігімізді ұрып-соғып, бұрғымен тесіп, сындыруға тырысты. Бұл өте қорқынышты болды, өзіміз түсінбей де қалдық.

Кейін жаңа меншік иесі сотқа жүгініп, отбасыны үйден күш көрсетіп шығарып жіберген. Зейнеткер сотта жеңіліп, зейнетақысының жартысын беруге мәжбүр болып қалған. Бүгінде полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі уақытта тергеп-тексерудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларды анықтау және оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тарту бойынша қажетті шаралар қабылдануда.

Бүгінде көше кезіп қалған ана мен қыздары отбасын қолдау орталықтарына жүгінген. Ендігі зейнеткердің бар тілегі заңды түрде өзіне тиесілі баспанасын қайтару.