1500-ден астам азамат рақымшылыққа ілінеді

Қылмыс жасаған 1500 астам азамат рақымшылыққа ілінеді. Сенат тиісті жобаны мақұлдады. Алайда, ол тек Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданған мерзім, яғни, наурыз айына дейін жасалған заңбұзушылықтарға қатысты қолданылады. Ал, рақымшылықтан кім үміттене алмайды? Толығырақ Еркелді Тілеуқұл баяндайды.

Елімізде 30 мың адам темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатыр. Тағы 10 мыңнан астам азамат сот үкімін күтуде. Ішкі Істер Министрінің орынбасары Санжан Әділовтың айтуынша, барлығы рақымшылыққа өтінім бере алады. Себебі, сотталғандардың да конституциялық құқықтары бар. Дегенмен, аса ауыр қылмыс түрлері, оның ішінде адам өлтіру немесе экстремизм және бірнеше рет істі болғандар мүлдем үміттенбей-ақ қойса болады, - дейді вице-министр.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға амнистия қолданылмайды. Себебі, бұл – новеллалар. Оның ішінде сталкинг бар, некеге мәжбүрлеу, дропперлер бар. Отбасылық зорлық-зомбылық та осы қатарға жатады. Осы қылмыс түрлері амнистия қолданылатын тізімге кірмейді.

Ары қарай ведомство тәртібі жақсы немесе қылмысы жеңіл азаматтардың тізімін жасамақ. Босатып қалмай, қоғамға бейімдеу де назардан тыс қалмайды.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Тергеу изоляторларынан 1500 астам азаматты босатамыз деп жоспарлап отырмыз. Оларды ары қарай ресоциализация дейміз, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қолдау шараларын жүргіземіз. Жұмысқа орналастыру мәселесін бірігіп шешеміз. Одан бөлек, әкімшілік қадағалау да бар. Ол да бізде көзделген.

Сенатор Мұрат Қадырбек амнистияның елдегі криминогендік ахуалға пайдасы болмаса, зияны аз дейді. Халық қалаулысының айтуынша, екінші мүмкіндікті молынан пайдаланып, жаңа өмірге қадам басқандар көп екен.

МҰРАТ ҚАДЫРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Алдыңғы Конституциямыздың 30 жылдығына байланысты рақымшылық актісі қолданылған болатын. Шамамен 16 мың адамға қолданылған. Соның ішінде рақымшылық қолданылған 8 адам қайта қылмыс жасаған. Бүгінгі күні олар жазасын өтеп жатыр. Бүгінгі рақымшылық туралы жаңа Конституцияға байланысты қабылданып отырған заңда ол мәселелер толық қамтылып отыр.

Рақымшылық негізінен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Наурыз айына дейін айыппұл арқалағандарға қолданылмақ. Оның өзінде барлығы бірдей кешіріледі деп айту қиын. Себебі, жылдамдықты асыру, жолда апаттық жағдайға себеп болғандар да жазасынан құтылмайды.