"BUSINESS ARU - 2026" байқауының жеңімпазы анықталды

  • AstanaTV
  • 11 маусым 2026

Елордада «Business-Aru 2026» жобасының жеңімпаздары анықталды. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдайтын байқау екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Үздік шыққан бес бизнес-жоба иесі өз ісін кеңейту үшін қаржылай грантқа ие болды. Финалға өткен қатысушылар мен бөлінген қолдау туралы әріптесім Аяулым Изатқызы тарқатып айтады.

Банк "ЦентрКредит" пен "Mastercard" компаниясы ұйымдастырған жобаға биыл 10 мыңға жуық өтінім түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есе жоғары. Қатысушылар маркетинг пен қаржы бағыттары бойынша білім алып, мыңнан астам нәзік жанды бизнес-жоспарларын қорғау кезеңіне жолдама алды.

МАНАТ БАЙҒОНЫСОВА, «БАНК ЦЕНТРКРЕДИТ» АҚ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Биыл бізге 10 мыңнан астам қатысушы өтініш білдірді, оның ішінде мыңнан астамы бизнес-жоспарларын сәтті қорғап шықты. Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі қолдауға немесе жай ғана шабытқа зәру емес, оларға нақты құралдар мен мүмкіндіктер қажет. Біздің басты мақсатымыз да - нарықта қажетті жағдайды қалыптастыру.

Мың финалистің арасынан қазылар алқасы бес жеңімпазды анықтады. Үздік атанғандардың әрқайсысы өз ісін өркендету үшін 10 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Жобалар табыс, қаржылық тұрақтылық және қоғамға тигізер пайдасы бойынша бағаланды. Жеңіске жеткендердің қатарында елордада жақ-бет хирургиясы бағытын дамытып жатқан медициналық стартап та бар.

АИДА ЕМБЕРГЕНОВА, «BUSINESS-ARU 2026» БАЙҚАУЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Біздің жобамыз Астана қаласындағы жақ-бет хирургиясын дамытуға бағытталған. Қазір алғашқы қадамдарымызды жасап жатырмыз. Осындай кезеңде жобаның көмегі зор болды. Мақсатымыз — азаматтарымыз үшін қолжетімді медицинаны қалыптастыру, тұрғындардың өзге мемлекеттерге сабылтпай, сапалы қызметті өз елімізде алуына жағдай жасау.

Ұйымдастырушылар әйелдер бизнесінің әлеуеті жоғары екенін айтады. Бастама инклюзивті экономиканы дамытуға септігін тигізіп, кәсіп пен отбасылық құндылықтарды қатар алып жүрген жандарға тең мүмкіндіктер сыйлайды.

САНЖАР ЖАМАЛОВ. «MASTERCARD» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Өткен жылғы нәтижені үлкен жетістік деп бағалаған едік, алайда биыл өтінімдер саны үш есеге артты. Компания үшін Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамыту, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау ерекше маңызға ие.

Ауқымды білім беру байқауын ұйымдастырушылар шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта оқу бағдарламасын нарықтың жаңа талаптарына сай кеңейту көзделуде.