Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевті қабылдады

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Марлен Маматалиевке ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынасты нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
 

– Елімізге арнайы келгеніңізге қуаныштымыз. Сапарыңыз өте маңызды. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп сенемін. Елдеріміз арасында ешқандай түйткіл немесе түсініспеушілік жоқ. «Қазақ-қырғыз – бір туған» деген сөз бар. Бір кеңістікте бауырлас, тату болып, арамыздағы қарым-қатынасты нығайта береміз. Қырғыз Республикасының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Біз бұл оң үрдісті қолдаймыз. Қырғыз Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Мұны Қырғызстан мен Орталық Азия елдері үшін тарихи оқиға деп айтуға болады. Осыған орай Президент Садыр Нургожоевич Жапаровқа құттықтау хат жолдадым, – деді Президент.