Теміртауда сегіз жүзге жуық жеке тұрғын үй тұрғындары ауыз суды сатып ішіп отыр

Теміртауда сегіз жүзге жуық жеке тұрғын үй тұрғындары ауыз суды сатып ішіп отыр. Көрші ықшамаудандағы автоматтардан 1 литрін 15 теңгеге сатып алады. Былтыр жер қазылып, құбыр тартылған кезде жұрт жылдар бойы күткен қарапайым тіршілік көзіне жетеміз- ау деп үміттенген еді. Әкімдік биыл су беріледі деген. Алайда ақыры келмеді. Себебін жергілікті тілшілеріміз анықтап көрді.

«Әлеуметтік қала» деп аталатын мына жеке секторда ауыз су ешқашан болмаған. 144 орам тұрғындары бұрын бұлақтан тасып ішетін. Соңғы жылдары құрылыс түсіп бұлаққа жететін жол алыстады. Содан суды көрші ықшамаудандағы автоматтардан сатып ішуге мәжбүр.

ЮЛИЯ ОГНЕВА, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауыз су жоқ. 8- інші ықшамауданға барып 1 литрін 15 теңгеден сатып аламыз. Шай- тамағымыз бар, өте қиын. Қазір бұрыңғыдай бұлаққа бара алмай қалдық. Былтыр құбыр тартып бастағанда бекер қуанған екенбіз. Су бәрібір келмеді.

Ауладағы құдықтың суы ішуге жарамайды. Тіпті бау- бақша суаруға әрең жетеді,- дейді тұрғындар. Қалада құрылыс ұлғайғалы құдықтың суы да тартылып қалған.

ТАТЬЯНА ГАЛАГАН, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына су түкке жарамайды. Тат басқан тұзды су. 2026 жылы ауыз су келеді деп әкімдік уәде берген еді. Міне жаз ортасы болды, әлі жоқ.

Жергілікті әкімдік өкілінің мәліметінше, Теміртауда 6 мыңдай жеке тұрғын үй бар. Бүгінде оның 8 жүзінде ауыз су жоқ. Былтыр барлығына құбыр тартылғанымен қыс түсіп кеткендіктен суға қосылмаған.

НҰРЖАС ЖӘКІТАЙ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

8 жүзге жуық жеке тұрғын үй ауыз сумен қамтылды.Қазіргі уақытта жер рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арықарай доверительное управлениеға беретін боламыз. Тұрғындар техникалық шарттарды алып арықарай қосылуға мүмкіндік алады. Сұрақ көтеріп жатыр қай уақытта іске қосылады деп,  қазіргі уақытта бір аптаның көлемінде біз 144 кварталға толықтай су беретін боламыз.

Әкімдіктегілер тұрғын үйлердің барлығы алдағы 2-3 аптада ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі,- деп уәде берді. Осымен қалада бұл проблема толық шешілмек.