Алматы тауларында жоғалып кеткен жасөспірім табылды

Фото: ТЖМ

Алматы тауларында жоғалып кеткен 13 жастағы жасөспірім аман-есен табылды. 

Оқиға туралы хабарлама құтқарушыларға баланың әкесінен түскен. Оның айтуынша, 2013 жылы туған ұлы досымен бірге Бутаков шатқалына қарай кеткен. Жасөспірімнің соңғы геолокациясы Фурманов шыңындағы «Панорама» лашығы маңында тіркелген. Кейін онымен байланыс үзілген.

Хабарлама түскеннен кейін Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметі іздестіру жұмыстарын бастады. Құтқарушылар таулы бағыттарды тексеру барысында жасөспірімді тауып, оны қауіпсіз түрде төменге түсіріп, ата-анасына табыстады.

Мамандардың мәліметінше, жасөспірімге медициналық көмек қажет болмаған.

Осыған байланысты құтқарушылар тауға шығар алдында жақындарына баратын бағыт пен қайту уақытын алдын ала хабарлап, байланыс құралдарын үнемі қолжетімді күйде ұстауға кеңес береді.