Алматы қалалық полиция департаменті Түрксіб ауданында 12 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмысты тергеу үшін арнайы тергеу-жедел тобын құрды. Бұл туралы департамент баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиға орны мен оған жақын аумақтардағы бейнежазбалар зерттеліп, іс материалдарына тіркелген. Сондай-ақ оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесетін өзге де цифрлық деректер қарастырылып отыр.
«Барлық уәждер мен нұсқалар тексеріліп жатыр. Тергеудің осы кезеңінде қылмысқа бір кәмелетке толмаған жасөспірімнің қатысы бар екені анықталды. Ол ұсталып, мамандандырылған мекемеге орналастырылды», – деп нақтылады Салтанат Әзірбек.
Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу жалғасып жатыр.