Семей орманын заңсыз қазғандар анықталды

Фото: arnapress.kz

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісі анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Тексеру барысында заңсыз қазба жұмыстары резерваттың Тау-Далин филиалына қарасты Үлкен-Бөкен орманшылығы аумағында жүргізілгені белгілі болған. Аталған аумақ ерекше қорғалатын табиғи территориялар қатарына жатады. Соған қарамастан заңсыз жер қойнауын пайдаланушылар топырақтың құнарлы қабатын бүлдіріп, жасыл желекті жойған.

Орманшылықтың есебіне сәйкес, келтірілген экологиялық шығын көлемі 228 миллион теңгеден асқан. Прокуратура заңсыз жер қойнауын пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда шаруашылық қызмет жүргізу заң бойынша жауапкершілікке, соның ішінде қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін еске салды.

Аталған дерек бойынша табиғат қорғау прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 334-бабы 3-бөлігі 3-тармағы («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.