112 пультіне Талғар ауданының Кендала ауылында болған жазатайым оқиға туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, 1992 жылы туған ер адам абайсызда суару каналына құлап кеткен. Қатты ағыс оны шамамен 3,5 шақырым жерге дейін ағызып әкеткен. №5 саяжай алқабы маңында ол орнатылған құтқару арқанына жармасып, құтқарушылардың көмегін күткен.
Құтқару операциясын жүргізу үшін ТЖМ қызметкерлері «Талғар» гидроторабының мамандарымен жедел өзара іс-қимыл жасады. Каналға су беру уақытша тоқтатылып, су ағыны Талғар ирригациялық жүйесінің шлюзі арқылы Талғар өзенінің арнасына бағытталды.
Құтқарушылар ер адамды эвакуациялап, қызметтік автокөлікпен Талғар аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізді. Онда оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
ТЖМ ескертеді: су айдындарының, суару арналары мен гидротехникалық құрылыстардың маңында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыз.