Конституциялық реформа мемлекеттік басқарудың дамуын айқындайды

Астанада конституциялық реформа аясында заңнаманы және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Әділет министрлігі ұйымдастырған іс-шараға қатысушылар заң үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін талқылады. 1 шілдеден бастап жаңа нормалардың күшіне енуіне байланысты ведомство нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестендіру жөніндегі екі кезеңді жоспарды жүзеге асыруда. Реформа Парламенттің бір палаталы моделіне көшуді және жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды көздейді. Бұдан бөлек, Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңарту және Азаматтық кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу жұмыстары басталған.

ЖАНАР ЖІГІТЕКОВА, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЗАҢНАМА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ АҚПАРАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жаңа конституциялық реформаның негізгі бағыттары, ең алдымен, заңдарды қабылдайтын алаңға айналуға тиіс бір палаталы Парламентті құрумен байланысты. Парламенттің екі палаталы құрылымы жойылатындықтан, заң шығару органының заң қабылдаудағы жауапкершілік деңгейі артады.Конституциялық реформаның тағы бір маңызды элементі – мүлде жаңа институт, яғни Қазақстан Халық Кеңесі. Бұл – қоғамдық институттардың мемлекет өміріне үйлесімді қатысуын қамтамасыз ететін құрылым. Осы институттың арқасында қоғам бастамаларын заңнамалық деңгейде жүзеге асыруға арналған конституциялық алаң қалыптасады.