1 шілдеден бастап көлікті кез келген жерге қоюға тыйым салынады

Фото: pixabay

Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қалалар мен елді мекендерді абаттандыруға арналған жаңартылған үлгілік қағидалар енгізіледі. Құжатта көлік қою, аулаларды күтіп ұстау және қоғамдық аумақтарды ретке келтіруге қатысты жаңа талаптар қарастырылған.

Жаңа тәртіп бойынша көлікті арнайы қарастырылмаған жерлерге қоюға тыйым салынады. Атап айтқанда, тротуарларға, балалар алаңына, көгалдарға, абаттандыру аймақтарына және қоқыс жәшіктерінің маңына көлік қоюға болмайды. Сондай-ақ аулаларда бөлшектелген немесе істен шыққан көліктерді қалдыруға шектеу енгізіледі.

Көпқабатты үйлердің тұрғындарына жергілікті атқарушы органдардың келісімінсіз шлагбаум, бетон блоктар, бағаналар сияқты кіреберісті шектейтін құрылғылар орнатуға тыйым салынады.

Сонымен қатар инженерлік желілерге қатысты талаптар да күшейтіледі: құдықтар мен люктер маңындағы қауіпті ақаулар анықталғаннан кейін бір сағат ішінде қоршау қойылып, ескерту белгілері орнатылуы тиіс, ал бес сағат ішінде ақау жойылуы қажет.

Жеке тұрғын үйлер иелеріне де жаңа шектеулер енгізіледі. Үй аумағынан тыс жерлерде құрылыс материалдарын, жанармайды, тыңайтқыштарды сақтауға және тіркемелер мен басқа да заттарды қалдыруға болмайды.

Жалпы алғанда, жаңа ережелер қалалардағы қауіпсіздікті арттырып, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіруге бағытталған.

Елімізде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған:

Жеке тұлғаларға:

бірінші рет – ескерту немесе 20 АЕК (86 500 теңге) қайталаған жағдайда – 30 АЕК (129 750 теңге)

ҮЕҰ және шағын бизнес өкілдеріне:

бірінші рет – 30 АЕК (129 750 теңге) қайталаған жағдайда – 40 АЕК (173 000 теңге)

Орта бизнеске:

бірінші рет – 40 АЕК (173 000 теңге) қайталаған жағдайда – 50 АЕК (216 250 теңге)

Ірі бизнеске:

бірінші рет – 100 АЕК (432 500 теңге) қайталаған жағдайда – 300 АЕК (1 297 500 теңге)