Қазақстанда жүрген 1500-ден аса шетелдік елден қуылды

Төрт күннің ішінде Қазақстаннан 1500-ден астам заң бұзған шетелдік қуылды, тағы 1800-інің елде жүру мерзімі қысқартылды. Ішкі істер министрлігі көші-қон заңнамасын бұзудың 13 мыңнан астам дерегін анықтаған. Мәжбүрлі түрде шығарылған 122 шетелдікке Қазақстанға 5 жыл бойы кіруге тыйым салынды. Негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ, 9 359 шетелдік - жүру қағидаларын бұзғаны үшін, 3 828-і - заңсыз жұмыс істегені үшін жауапқа тартылды. Ал 882 жұмыс беруші - өзге елдің жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жазаланса, 2 794 отандық жеке және заңды тұлға - шетелдіктердің келгенін полицияға уақытылы хабарламағаны үшін айыппұл арқалады. Сондай-ақ елге заңсыз кірген 14 адам мен халықаралық іздеуде жүрген 21 қылмыскер ұсталды. Шетелдіктерді шекарадан заңсыз өткізбек болған Қазақстан азаматтары Атырау, Жамбыл, Павлодар облыстарында қолға түскен. Ақтөбедегі құрылыстан 60-қа жуық, ал Астанада Африка құрлығынан келген 6 заңсыз жұмысшы анықталды. Мұндай деректер Алматы, Шымкент және өзге де аймақтарда жаппай тіркелген.

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:

Барлық құқық бұзушы мен олардың жұмыс берушілері заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын екі және одан да көп рет бұзған бес жұмыс берушіге қатысты тергеу басталды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес оларға қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай фактілер Жамбыл, Қарағанды және Атырау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында анықталды. Көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу және анықтау бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр.