Көптен күткен швейцариялық вагондар әлі жолға шыққан жоқ. Жолаушылар уәде етілген интернеттің де игілегін көрген жоқ. Премьер-министр Үкімет отырысында сала мамандарын сынға алды. Одан бөлек, еліміздегі барлық теміржол вокзалдарының реконструкциясы тұралап тұрғанын ескертті. Жаз мерзіміндегі сұранысты да ведомство қамтамасыз ете алмай отыр.
Уәде беруден жалықпаймыз. Су жаңа вагондар шығарамыз деп келе жатқанымызға да біраз жыл болды. Бірақ жолаушылардың көңілінетін әзір шығатын түрлері жоқ. Кейбір бағыттарда әлі қаңқасын сүйреткен вагондар жүр. Салаға жауаптылар әдемілеп баяндама жасағанымен Үкімет басшысынан сын естіді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Жолаушылар тарапынапн вагондардың жай-күйіне байланысты шағымдар келіп түсуде. Stadler компаниясының жаңа вагондарын жеткізуді бұдан әрі кешіктіруге болмайды. Өнеркәсіп министрлігі және Қазақстан темір жолы және Stadler компанияларымен бірге техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жолаушылардың вагондарын барынша қысқа мерзімде жеткізу керек. Осы жылдың соңына дейін жаңа 215 локомотив пен 1500-ға жуық жүк вагондары мен жолаушы вагондары теміржол желісіне шығуы тиіс.
Жаз басталса болды пойызға билет таппайсың. Бұл үйренішікті әдетке айналып кеткендей. Бағасы да қалтаға қонымды емес.
ӘНУАР АХМЕТЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Пойыз билеттерінің бағасы жыл 12 ай бойы өзгермейтінін ерекше атап өткім келеді. Бір сағат бұрын билет алсаңыз да, жаз болсын, қыс болсын – баға бірдей. Біз көлік министрлігімен 1 сәуірден бастап индексация жүргіздік. Ол дегеніміз 7 пайызға билет бағасы өсті. Десе де, өткен жылы инфляция 12 пайыз деңгейінде болса да, біз билет құнын оған сәйкестендірмедік. Иә, адамдар кейде пойыз билеттерін әуе билеттерімен салыстырып жатады. Расымен, сұраныс аз кезде, бірнеше ай бұрын алсаңыз, пойыз билетінен арзан болуы мүмкін. Бірақ, ел ішінде де әуе билеттері 60-70 мыңға дейін жететінін ұмытпау керек.
Пойыз жылдамдығы жылдан-жылға артып, діттеген жерімізге тезірек жетеміз деп үміттенетіндер көп. Бірақ, отандық пойыздар кері кеткендей әсер қалдырады. Биыл, жолаушылардан пойыз 1 сағатқа кешікті немесе тальгоның өзі бұрын 16 сағат жүрген жермен қазір 20 сағат жүреді деген шағымдар жиі айтылуда.
ӘНУАР АХМЕТЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жалпы, инфрақұрылымға жүктеме артып, пойыздардың саны ұлғайды. Жүк тасымалдау, жолаушы тасымалдау саны артқаннан кейін, осының әсері өте үлкен. Сондықтан, кейбір пойыздардың жүру уақытын үлкейтуге мәжбүр болдық. Бұрын бізде тальго пойыздары көп болмады, сондықтан, оларға басымдық беріліп келді. Тальго жүргенде, өзге пойыздар тұратын. Қазір, тальго пойыздары көбейгеннен кейін біздің оларға басымдық беретін әлеуетіміз жоқ.
Жиын соңында Премьер-министр, теміржол вокзалдарының реконструкциясын жеделдетуді тапсырды. Ол үшін жұмысшылар мен техника санын 2 есе арттыру керектігіне баса назар аударды. Осы уақытқа дейін кешіктіріліп келген өңірлерден үкімет басшысы апта сайын есеп алмақ.