1 шілдеден бастап аулаларға көлік қоюға тыйым салынатыны рас па?

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2026

Елімізде 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің маңына автокөлік қоюға тыйым салынады деген ақпарат тарады. Даурығып үлгерген жұртқа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді. Темір тұлпарды қоюға түбегейлі тыйым салмайтынын айтты. Жаңа ержелер туралы толығырақ тілшіміз айтады.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ:

2 аптадан кейін көліктер дәл осылай тұрмайды. Өйткені тұраққа арналмаған жерде ,ойын алаңынан алшақ, тротуар мен жасыл желекті баспай, қоқыс жәшігі маңына да қоймау керек. Үйілген отын, құрылыс материалдар мен ескі жүрмейтін көлікті де енді аулалардан мүлдем көрмейміз.

Қазақстанда қалалар мен елдімекендер аумағын абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары бекітілді. Бұйрық 1 шілдеден бастап күшіне енбек. Онда көшеде, аулада, құрылыс алаңы мен басқа да нысандар да кім не үшін жауапты екені егжей-тегжейлі жазылған. Ал көлікті қоюға болмайтын орындар нақты көрсетілген. Осыған байланысты министрлік тараған кейбір ақпаратты жоққа шығарды.

ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІ:

Жаңа қағидаларда азаматтарға тұрғын үйлердің жанындағы арнайы қарастырылған автотұрақ орындарына көлік қоюға тыйым салатын нормалар жоқ. Бұл ретте сөз автокөлік құралдарын пайдалануға немесе белгіленген орындарда қоюға тыйым салу туралы емес, ортақ пайдаланудағы іргелес аумақта мүлікті ұзақ уақыт сақтауға және үйіп қоюға жол бермеу туралы болып отыр.

ШҰҒЫЛА ТҰРЛЫБЕК, ҚР ІІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қоюға қатысты талаптар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар көлік құралдарын гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға және сонда тоқтауға тыйым салу жөніндегі Жол жүрісі қағидаларының нормалары қолданыста бар екенін еске саламыз.

Жаңа ережеде ғимарат пен нысан айналасындағы тазалық оның иесі немесе пайдаланушысының тікелей жауапкершілігі ретінде бекіді. Мамандар тұрғындардың аулаға қойма ретінде қарауын доғарып, мүлікті, оның үстіне ол жарамсыз болса ұзақ сақтаудың мәнісі жоқ екенін айтады.

АЛЕСЯ НУГАЕВА, УРБАНИСТ:

Аула бұл қосымша қойма емес екенін түсіну керек. Оның мақсаты бос уақыт өткізу, балалардың ойнауы, тұрғындардың бір-бірімен араласуы, демалыс аймағы болуы. Біз көлікті онда қалдырып қойған кезде, ол кіріп шығатын көріністі нашарлатады, жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктерінің кіруіне кедергі, ұзақ қараусыз тұрған көлік ластануға әкеледі. Сондықтан бұл түзетулер тыйымнан гөрі жүйені реттеуге бағытталған деп ойлаймын.

Құжатта айыппұлдар көрсетілмеген. Негізгі мақсат абаттандыру  саласындағы қолданыстағы нормаларды қайта бекіту екені айтылды. Ал көлікке қатысты негізгі талап - оны тек қауіпсіз және арнайы белгіленген орындарға қою.