Бір жылда 3 миллиард теңге балгерлер мен астрологтардың қызметіне жұмсалған

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2026

Қазақстандықтар бір жылда 3 миллиард теңгеге жуық қаражатты балгерлер мен астрологтардың қызметіне жұмсаған. Елде көріпкелге сеніп, бал аштыратындардың қатары көбейді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, сиқыр мен мистика нарығына сұраныс бір жылда 75 есеге өскен.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Мына стаканның түбіндегі кофе қалдығы сіздің болашағыңызды дәл айтып береді десем... сенесіз бе? Күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ елімізде дәл осыған сеніп, бақсы-балгер жағалайтындардың қатары күрт көбейген. Сұраныс артқан сайын, ұсыныс та сан түрлі. Алдағы өміріңді алақанға қарап айтатын, келешегіңді картамен болжап, тағдырыңның қалай өрілетінін тылсым күштерден «сұрап беремін» дейтіндер жетерлік.

Әлеуметтік желілерде балгерлік пен түрлі мистикалық қызметтерді ұсынатын парақшалар көп. Кейбірі тікелей эфирде құмалақ ашып, көрермендердің сұрақтарына жауап береді. Біз де соның біреуіне хабарласып көрдік.

Балгерлерге сұраныстың жоғары екенін бос орындардың жоқтығынан-ақ аңғаруға болады. Елде көріпкел мен астрологтардың қызметіне миллиардтаған теңге жұмсалып жатыр.

БЛИЦ:

- Көп естимін ютубтан көремін. Адамдардың айтқанына сенемін.

- Кейде сәйкес келеді. Бірақ өзім қызықпаймын.

- Оның бәрі ақша табатын заттар ғой. Адамдарды адастыратын

- Просто барып карта аштырдым. Жай ғана бара салдым.

Бақыттың кілті сәтті күндерден немесе тағдыр картасынан табылмайды. Балгерлердің сөзіне шектен тыс сену адамның шешім қабылдауына кері әсер етуі мүмкін, дейді психолог.

ҒАЗИЗА ӘДІЛБАЙ, ПСИХОЛОГ:

Балгер айтты екен деп өзіне шектеу қояды. Адам не ойлайды сол болады ғой. Соны тартады демек. Сол айтты екен деп өз тағдырын сонымен қалайды. Адамның өмірі таңдаулардан тұрады. Сен балгерді тыңдап таңдайсың ба әлде өзіңнің жүрегіңді тыңдап таңдайсың ба.

Көріпкелдердің бір жылдағы ресми табысы 225 миллион теңгеден асқан. Олар түрлі қызметтер ұсынады. Әсіресе отбасылық қарым-қатынасты жақсарту, сүйіктісін қайтару немесе түрлі ритуалдарға қатысты қызметтерге сұраныс жоғары.

БАУЫРЖАН АБДУӘЛІ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Шариғаттағы нәрсені айтамыз. Яғни сиқырға оған қоса бақсы балгердің бал аштыруына шариғатта қатаң түрде тиым салынады. Үйдегі болып жатқан мәселе, дау-дамайдың барлығы өзара үлкендердің ақылымен, ақсақал. әжелеріміз ол мәселені шешуі керек. Ыстық, суық қылып күйеуін өзіне бағындырып алу шариғатта дұрым емес.

Интернеттегі іздеу сұраныстары да бұл тақырыпқа қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Соңғы уақытта қазақстандықтар натальды карта, тағдыр матрицасы, жұлдыз жорамалдары мен астрологиялық болжамдарға қатысты ақпаратты жиі іздейтін болған.