Трамп пен Нетаньяху жанжалдасып қалды

Трамп Иранмен алдын ала келісімге қол қойды. Үлкен жетілік саммитіндегі өзге елдер мәз-мейрам, қуаныштарын жасыра алмады. Алайда, бұған бір адамның ғана көңілі толмады. Ол – Биньямин Нетаньяху. Израиль Премьер-министрі өзінің ашу-ызасын әрең тежеп тұр. Ол Иранмен соғыстың жалғасқанын қалайды деп батыс басылымдары жарыса жазуда. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп Иранмен алдын ала бейбіт келісімге қол қойды. Бірақ, негізгі келісім жұма күні жасалатынын осыған дейін айтқан едік. Десе де, Үлкен жетілік саммитіне жиналған мемлекеттер осы жаңалықты естіп жеңіл күрсінді. Жаңа ядролық келісім бойынша Иран, уранды байытудан толығымен бас тартуы тиіс.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Таяу Шығыста жақын арада өте жақсы өгерістер болады. Әсіресе, мұнай бағасының күрт төмендеп, қаржы нарықтары қайтадан шарықтап бара жатқаны мені қуантады. Бүкіл әлемді көп күттірмей бірлескен меморандумның жазбаша нұсқасын жариялаймыз. Барлықтарыңыз онымен таныса аласыздар.

Келісім ойдағыдай жүзеге асса, АҚШ Ираннан барлық сакнцияларды кезең-кезеңімен алып тастайды. Одан бөлек, елге қыруар қаржы инвестиция түрінде беріледі. Иранға қойылатын басты шарт – ядролық қарудан бас тарту.

ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Егер Иран барлық талаптарды орындаса, олар көркейіп, дамуына жол ашылады. Әлбетте, АҚШ бірде-бір тиын жұмсамайды. Бірақ, өзге елдердің Иран экономикасына инвестиция салуына жол ашылады. Онсыз да біз үлкен сый жасап отырмыз. Өйткені, Иран 50 жылдан бері алғаш рет әлемдік экономикаға толығымен аяқ алып кіруіне мүмкіндік алады.

Бұның барлығын құптамайтын жалғыз адам қалды. Ол – Израиль Премьер-министрі. Биньямин Нетаньяху мен Трамп арасында соңғы ай тек жанжалмен өтті, - деп жазуда барлық батыс басылымдары. Трамп, жеке хат жіберіп, Израиль басшысынан Ливанға шабуылды доғар деген шарт та қойған дейді-міс.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз қалай да Иранның бүкіл өңірге қауіп төндірмеуін бақылаймыз. Израиль мүдделері біз үшін бірінші орында қала береді. Барлық шекарамызда қауіпсіз кеңістік қалыптастыру бойынша жұмысымызды жалғастыра бермекпіз. Президент Трамп, әрине, қандай шешім қабылдаса да өзі біледі. Бірақ, ол айдалада Таяу Шығыстағы жағдайдан аздап бейхабар екенін түсінуге болады.

АҚШ-таең қымбат әуе ұшағы Б-52 құлады. Барлық 8 экипаж мүшесі тіл тартпай кетті. Ұшақ Калифорниядағы Эдвардс базасының аумағында оқу-жаттығу жасап жүрген. Айта кетейік, бұл ұшақ Иранға қарсы соғыста белсенді пайдаланылып келді.