Жаңа цифрлық қабылдау жүйесі арқылы бірінші сыныпқа 100 мыңнан астам өтініш берілді

Фото: ОКҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында, сондай-ақ Цифрландыру және жасанды интеллект жылы шеңберінде бірінші сыныпқа өтініш қабылдау мемлекеттік қызметі OQU білім беру платформасына (oqu.edu.kz) көшірілді, деп хабарлайды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.

Жоба балаларды мектепке қабылдау рәсімін жеңілдетуге, білім беру ұйымдарына түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және бірыңғай цифрлық білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Бұрын қабылдау науқаны кезінде жүктеме артқан сәттерде инфрақұрылымдық шектеулер туындап, қызметтің қолжетімділігі мен ыңғайлылығына әсер ететін. Бірлескен жұмыс нәтижесінде қызметтің архитектурасы жаңартылып, өңірлер бойынша кезең-кезеңімен іске қосу енгізілді. Бұл жүктемені тең бөлуді және жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етті.

Жоба 27 мамырда Астана қаласында, Абай және Жетісу облыстарында, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында басталды. 10 маусымда Алматы қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында өтініш қабылдау іске қосылды. Қазіргі таңда OQU платформасы арқылы бірінші сыныпқа қабылдау үшін 105 мыңнан астам өтініш берілді.

Жобаның өзегінде мемлекеттік цифрлық сервистердің ауқымдылығын, тұрақтылығын және істен шығуға төзімділігін қамтамасыз ететін QazTech платформасы жатыр. Іске қосар алдында жүйеге кешенді жүктемелік сынақтар жүргізіліп, оның жаппай өтініш қабылдауға дайын екені расталды.

Ата-аналар үшін өтініш беру рәсімі айтарлықтай жеңілдеді. Авторизация eGov инфрақұрылымы арқылы ЭЦҚ, eGov QR немесе логин мен құпиясөз көмегімен жүзеге асады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіру нәтижесінде бала мен ата-ана туралы деректердің басым бөлігі автоматты түрде жүктеледі, құжаттарды қолмен тіркеу қажеттілігі жойылды. Пайдаланушы мектепті таңдап, өтінішті жолдайды. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады, нәтиже Жеке кабинетке және SMS арқылы жіберіледі.

Білім беру ұйымдары үшін де өтініштерді өңдеу үдерісі жеңілдетілді. Деректерді тексеру уақыты қысқарып, қайталанатын әрекеттер алынып тасталды, ата-аналармен өзара іс-қимылдың бірыңғай цифрлық ортасы қалыптасты.

«Бірінші сыныпқа қабылдау өтініштері әрдайым ең жоғары жүктемеге ие қызметтердің бірі болды, жүйелік іркілістер мәселесі жылдар бойы шешілмей келді. Қазір бұл мәселе архитектура деңгейінде толық жойылды. QazTech платформасы мен мемлекеттік жүйелермен терең интеграция – білім беру саласындағы өзге де мемлекеттік қызметтерді көшірудің үлгісі болады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев. 

Қызметті кезең-кезеңімен іске қосу және қабылдау науқанының басталу мерзімін өзгерту ақпараттық жүйелер мен білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік берді.

«Алдыңғы жылдары бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталып, оқу үдерісімен қатар жүретін. Бұл кезеңде мектептер бір уақытта әрі оқу процесін жүргізіп, әрі ата-аналардың өтініштерін қабылдайтын. Білім беру ұйымдарына түсетін қосымша жүктемені азайту үшін Оқу-ағарту министрлігі қабылдау науқанының басталуын 27 мамырға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл мектептердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға және балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үдерісін сапалы жүргізуге мүмкіндік берді», – деді ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова. 

OQU платформасында қызметті іске қосу білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді бірыңғай цифрлық ортаға кезең-кезеңімен көшірудің бір бөлігі саналады.

Оқу-ағарту министрлігі OQU білім беру платформасын одан әрі дамытуды жалғастыруда. Алдағы уақытта платформа баланың балабақшадан бастап колледжге дейінгі толық білім алу кезеңін қамтиды.

Өтінішті oqu.edu.kz порталы арқылы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.