Таразда қоқыс полигоны өртеніп, тұрғындар түтінге тұншықты

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2026

Таразды тағы түтін басты. Тұрғындар бұл жол зауыттан шыққан иіске емес, қоқыс полигоны өртенген түтінге тұншығып жатыр. Жаз шығып, күн ысыса қаланың қоқыс алаңы жиі жанып, жұрт ыстың иісінен ығыры шығады.

Қала аспанын қара бұлт торлағанда тұрғындар шаһар шетіндегі қоқыс алаңы өртенгенін бірден білді. Себебі, өртенген ыстың иісінен жұрттың тынысы тарылып, дем жетпей қалған. Тілсіз жау кеше түс ауа тұтаныпты. Қызыл жалын әп сәтте 2 гектардан астам аумақты шарпыған. Қаланың тұрмыстық қалдықтарын төгетін полигон Тараздан не бәрі 5 шақырым жерде орналасқан.

САБЫРЖАН БАҚБЕРГЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өртеніп жатыр. Төле бидің аяғы тұман көрінбей жатыр. Иіс қалаға келіп жатыр. Енді не істейміз. Өрт болса үйден шыға алмай қаласың ғой, иісі жаман ғой.

Қала маңындағы қоқыс алаңы 30 гектар аумақты алып жатыр екен. Көлемі 3 млн тоннадан астам қоқыс тасталған. Айналасы қоршалған. Бірақ күн санап көлемі артып келеді. Тұрғындар ол өңдемегендіктен көлемі көбеймес үшін қолдап от қояды ма деп күдіктенеді.

ДАМИР ЖАМАНБАЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өртті қолдан жасамаған. Бұл жерде енді белгісіз себептер мен құтылар бар, шишалар бар содан пайда болып отыр. Күннің ыстығы да әсер етіп отыр. Қазір біздің басты мақсатымыз өртті сөндіру.

ЛАУРА МӘЛІКОВА, ТӘЖІРИБЕШІЛ ЭКОЛОГТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Мұндай полигондарда болатын өрттер адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Ол жерде әр түрлі концерогендік адамның ағзасына кері әсерін тигізетін заттар бөлінеді ауаға. желдің бағытына байланысты ол қалаға қарай ұшуы мүкін.

Бұл қоқыс палигоны қала әкімдігіне қарасты «Жасыл-Ел Тараз» ЖШС-не тиесілі. Экология департаменті полигонының санитариялық-қорғау аймағынан атмосфералық ауаның сапасына жедел аспаптық өлшеулер жүргізген. Нәтижесінде көміртек тотығы мен азот, күкірт диоксиді шекті рұқсат етілген көлемнен асып кеткенін анықтаған. Енді департамен заң бұзушылыққа жол мекемеге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастамақ.