Оңтүстіктегі шаруалар үшін қуанышты жаңалық. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару туралы келісім ратификацияланды. Мәжіліс отырысында депутаттар әдеттегідей белсенді болды. Қандай мәселелер көтерді? Еркелді Тілеуқұл баяндайды.
Өзбекстаннан Қазақстанға ағып келетін өзендер мен каналдарды енді екі ел бірлесіп басқарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға былтырғы сапары аясында қол қойған келісімі бүгін Мәжілісте ратификацияланды. Екі ел, түрлі мақсаттағы қажетті су көлемін бірлесе анықтау үшін жылына екі кеңес өткізеді.
НҰРЛАН АЛДАМЖАРОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бұл су объектілері Қызылорда және Түркістан облыстары халқын сумен қамтамасыз етуде, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен энергетика салаларын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бір маңызды мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Келісімнің үшінші бабында алғаш рет екіжақты деңгейде Сырдария өзені бассейнінің су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау схемалары ресми түрде енгізіліп, екі тарап үшін міндетті негіз ретінде бекітілді.
Оңтүстік демекші, олар автодәліздегі көліктің жылдамдығына қойылған шектеуге де наразылық білдіріп келген. Депутаттар халық ұсынысын билікке жеткізді.
БОЛАТБЕК НАЖМЕТДИНҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Кей облыстарда рұқсат етілген жоғары жылдамдық 120-140 шақырым/сағат межесіне көтерілген, ал Түркістан, Шымкент, Қызылорда өңірлерінде техникалық сипаттамалары ұқсас жолдарда әлдеқайда төмен шектеулер белгіленген. Бір қызығы, жолдың ақысы бірдей.
Балалардың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатыр. Тәрбиеге қатысты да мәселелерді тілге тиек етті.
ДАНАБЕК ИСАБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Қазақ тіліндегі анимация, балалар киносы, ғылыми-ағартушылық және тәрбиелік медиажобаларды мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру көлемін арттыруды ұсынамын.
Депутаттық сауалдар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Жатақхана, еңбек адамының мәтрбесін арттыру секілді мәселелерді Үкіметке жеткізді.