Ұлытау облысында ауқымды әлеуметтік инфрақұрылымдық өзгерістер кезеңі басталды. Өңірдегі тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеру үшін «Қазақмыс» корпорациясы 26 миллиард теңгеден астам инвестиция бағыттап отыр. Мемлекет пен бизнестің өзара серіктестігі аясында аймақта бірнеше ірі мәдени, спорттық және медициналық нысандардың құрылысы мен жаңғырту жұмыстары қызу жүруде.
Делегация алдымен іргелі мәдениет ошағы - Сәбит Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрына ат басын бұрды. Бүгінде 5 миллиард теңгеден астам қаржыға бағаланған ғимаратты күрделі жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда ескі құрылымдар толық бұзылып, қасбеті мен шатырын жаңарту қолға алынған. Сондай-ақ, құны 5 миллиард теңгеге жуықтайтын «Жастар» саябағы да заманауи демалыс аймағына айналады. Ал Кеңгір су қоймасының жағалауындағы жаңа демалыс орны облыстық мешітпен біртұтас ансамбль құрап, тұрғындардың сүйікті мекеніне айналатыны сөзсіз. Өңірдегі оң динамиканы статистика да растап отыр
НҰРТАС КӘРІПБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
4 айдың қорытындысы бойынша бізде 9 млрдтан артық инвестиция құрылған. Ол былтырғы жылдың статистикасымен салыстырғанда 2,6 есеге қсіп отыр. Бұл дегеніміз біздің өңірге инвсторлардың қызығушылығы артып, мемлекеттік қолдау артып, жағдай жасалған. Ақзіргі кезде осы орналасқан жерімізде мешіттің құрылысы жүріп жатыр.
Инфрақұрылымды жақсарту тек облыс орталығымен шектелмейді. Мәселен, Жезқазғанда бес мың шаршы метрді қамтитын «NAMYS» спорт академиясы бой көтеріп, жас дарындардың кәсіби шыңдалуына жол ашпақ. Ал Сәтбаев қаласында емдеу сапасын жақсарту үшін қалалық аурухана жаңғыртылып, жанынан жаңа травматологиялық пункт салынуда. Оған қоса, кеншілер шаһарындағы басты алаң да толық жөндеуден өтуде.
МАРҒҰЛАН ӘБДІКЕРОВ, КЕН БАЙЫТУ ФАБРИКАСЫНЫҢ ЦЕХ БАСШЫСЫ:
2022 жылы біз бірінші блокты іске қосқанбыз фатация бөлімін. 2024 жылы екінші блок, қазіргі сәтті үшінші блокты жіберуге жұмыстар жасалып жатыр. Ол дегеніміз, құрылғыларды жаңарту және автоматтандыру.
Өндірістік қуатты арттырумен қатар әлеуметтік жауапкершілікті ту еткен бұл бастамалар Ұлытау облысының ұзақ мерзімді дамуына серпін бермек. Жаңа нысандардың басым бөлігі ағымдағы жылдың күз айларында, ал театр ғимараты жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.