Алматы облысында екі жұмысшы ағаш кесу кезінде техника істен шығып, биіктіктен құлады

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2026

Алматы облысы Өтеген батыр ауылында ағаш кесу кезінде техника кенет істен шығып, екі жұмысшы биіктіктен құлады. Ал тұрғындар ескірген техниканың қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін айтып, жасыл желектің жаппай кесілуіне де алаңдаулы. Оқиғаның мән-жайын тілшіміз Айгерім Есенкелді анықтады.

Тұрғындадың айтуынша, 60 жылдардан бері күтім көрмеген ағаштарды кесу жұмысы ескертусіз басталған. Артынша ескі техникамен жұмыс істеп жатқан екі жұмысшы зардап шеккен. Олар биіктіктен құлап, бірін көтергіш құрылғы басып қалған көрінеді.

ВЕНЕРА СҰЛТАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кешеден бері кесіп жатыр, ешқандай знак көріп тұрған жоқпын, что мына жерде жүруге болмайды машинаға, балаларға, терек кесіп жатырмыз деген знактары да жоқ.

АЛЕКСАНДРА БАКШУТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Техника кенеттен бүктеліп, істен шықты да жұмысшылар ұшып түсті. Бірі аяғын тізеден бүге алмай, ауыр жағдайда жатты. Екіншісі етпетінен құлап, өңі қудай, қайта-қайта су сұрады. Ағаштарды кесу кезінде сақтандыру, қауіпсіздік шараларының ешқайсысы болмады.

Оқиға салдарынан 2005 және 2002 жылғы екі жұмысшы түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігер олардың тым ауыр халде түскенін айтты.

БОЛАТ ӘБДУКАРИМОВ, ТРАВМАТОЛОГ:

Бір пациент жансақтау бөліміне, екіншісі жарақат бөліміне жатқызылды. Жағдайлары ауыр халде келіп түскен. Қазіргі таңда жағдай бірқалыпты жақсаруда. Қосарланған жарақат, яғни бас ми жарақаты, бас миінің шайқалуы, кеуде торының жабық жарақаты, жамбас сүйектерінің жабық сынығы және де көптеген соғылған жарақаттармен келіп түсті.

Әкімдік мердігер компаниямен  шарт жасасқанда бәрі ойдағыдай болғанын айтады. Болған жайтқа, сақтандыру, қауіпсіздік мәселесінің бәріне компания жауапты дейді.

ТӨЛЕГЕН ОМАРОВ, ӨТЕГЕН БАТЫР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Біз оған сіздің техникаңыз ескі деп, сіздің техникаңыз жаңа деп, біз оларға талап қоя алмаймыз. Себебі толыққанды жұмыс істеп тұрған техника, техника болғаннан кейін ол жұмысын жүргізіп жатыр. 

Жұмыстың 90 пайызы аяқталған. Әкімдік оқиғаға қатысты полиция тексеріс жүргізіп жатқанын, қылмыстық іс қозғалмаған жағдайда мердігер компаниямен жұмысты жалғастыра беретіндерін жеткізді.