Алакөлде жазғы туристік маусым басталысымен жағалауда тіршілік жанданып, демалушылар легі күн сайын артып келеді. Дегенмен, демалыс маусымының қызған шағында қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Алакөл жағалауында маусым ашылған екі күннің ішінде балалардың ата-анасынан көз жазып қалу деректері тіркеліп, полицияның үйлесімді жұмысының нәтижесінде аман-есен отбасыларына табысталды. Қоғамдық тәртіп пен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан тәртіп сақшылары әр аймақты тұрақты патрульдеуге көшкен.
16 маусым күні Арбат бойынша 6 жасар бала көпшіліктің арасында ата-анасынан адасып кеткен. Оны жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері байқап қалады. Олар баланы туристік полиция бекетіне алып барып, жақындарын іздеп, шамамен 10 минут ішінде әкесіне аман-есен табыстаған.
Екінші жағдайда жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері патрульдеу кезінде түнгі уақытта 2 жасар баланың жалғыз жүргенін байқаған. Тәртіп сақшылары бірден әрекет етіп, рация және әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратып, ата-анасын анықтау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде бала аз уақыт ішінде отбасына табысталды.
Осылайша Алакөл жағалауында полиция қызметкерлерінің жеделдігі мен кәсіби жұмысының арқасында балалардың қауіпсіздігі дер кезінде қамтамасыз етілді.