Семейде екі бала із-түзсіз жоғалып кетті

Фото: Абай облысы ПД

Семей қаласында 17 маусым күні кешкі уақытта жоғалып кеткен екі бала іздестіріліп жатыр. Абай облысының полициясы ауқымды іздестіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардан кез келген ақпаратты хабарлауды сұрады.

 

Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 17 маусым күні сағат 20:00 шамасында 14 жастағы Рақымжан Үкіртаев пен 8 жастағы Әлихан Қайратов Семей қаласындағы Восточный кенті маңында болған. Осыдан кейін балалардың қайда кеткені белгісіз, әлі күнге дейін анықталған жоқ.

«Полиция қызметкерлері дереу іздестіру шараларын ұйымдастырды. Жеке құрамға бағыттама беріліп, олардың жүруі мүмкін орындары тексерілуде, үй-үйді аралау және іргелес аумақтарды тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

Полиция семейліктерден балаларды іздеуге көмектесуді сұрады.

Егер кәмелетке толмағандардың жүрген жері туралы қандай да бір мәлімет білсеңіз, дереу 102 нөміріне немесе 8-747-310-67-30телефонына хабарласуыңыз.