Көлік полицейлері ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады

Polisia.kz

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әшкерелеген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері сот үкімімен 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

Есірткі қылмысымен айналысқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне өткен жылдың мамыр айында тосқауыл қойылған болатын.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бірнеше азаматтың Астана, Қарағанды және Шымкент қалаларында есірткі саудасын ұйымдастыруды жоспарлағаны анықталды. Алайда полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде олардың қылмыстық жоспары жүзеге аспай қалды.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен алты адам ұсталды. Олардың қатарында шетел азаматтары да болған. Тергеу барысында топ мүшелерінің өзара тығыз байланыста әрекет етіп, қылмыстық қызметті ұйымдасқан түрде жүргізгені дәлелденді.

Ірі көлемдегі есірткі заттарын сақтау үшін гараж бокстары пайдаланылған. Олар арнайы жасырын орын ретінде жабдықталған. Күдіктілер Астана халықаралық әуежайының аумағында ұсталды.

Тінту кезінде автокөлік дөңгелектерінің ішіне жасырылып, сатуға дайындалған ірі көлемдегі есірткі заттары тәркіленді. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 105 келіден асатын есірткі тәркіленді. Бұл аса ірі көлем болып саналады.

Аталған дерек бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізді. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшесі кінәлі деп танылып, әрқайсысы 16 жылға бас бостандығынан айырылды.