Мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту орталықтарының құрылысы аяқталмай жатыр

Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалмай жатыр. Сенатта мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту орталықтарының құрылысы сынға алынды. Депутаттардың айтуынша, кей өңірлерде құрылыстың басталғанына бірнеше жыл өтсе де, нысандар әлі пайдалануға берілмеген. Әсіресе Ақмола облысында құрылыс төрт жылға жуық уақыт бұрын басталғанымен, мердігермен туындаған дауларға байланысты жұмыстар тоқтап қалған. Бұл өңірде мыңнан астам адам оңалту қызметіне мұқтаж. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Маратовтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуіне жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу, мемлекеттік сараптама мен сот процестері себеп болған.

АСҚАРБЕК МАРАТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

2023-2026 жылдары бес оңалту орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олар Семей, Тараз, Кентау, Орал және Атырау қалаларында орналасқан. Ал Шымкент, Талдықорған, Көкшетау және Ақтөбе қалаларындағы орталықтардың құрылысы осы және келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының кешігуіне жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, мемлекеттік сараптамадан өткізу және сот даулары себеп болды.