Президент Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы сот төрағаларымен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас түркі мемлекеттерінің жоғарғы сот басшыларымен кездесті. Басқосуда сот жүйесін заманға сай өзгерту, бәрін цифрландыру және өзара тәжірибе бөлісу мәселелері талқыланды. 

Президент резиденциясына Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның бас судьялары жиналды. Бұл меймандар біздің елге жайдан-жай келген жоқ. Олар түркі елдері жоғарғы соттарының екінші үлкен конференциясына қатысу үшін арнайы ат басын бұрған. Жүздесуде Мемлекет басшысы бауырлас елдердің басын біріктіріп отырған Түркі мемлекеттері ұйымының салмағы зор екенін ерекше атап өтті. Оның үстіне, соңғы жылдары сот пен құқық қорғау саласындағы байланыс мүлдем жаңа деңгейге шықты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әрбір өркениетті елдің өсіп-өркендеуі үшін сот жүйесінің маңызы зор. Сондықтан жоғарғы соттар арасындағы өзара тығыз байланысты тереңдету бауырлас елдеріміздің ортақ мүддесіне толық сай келеді.

Қазір заман жылдам өзгеріп жатыр, технология күн санап дамуда. Президенттің айтуынша, осы көшке ілесу үшін көптеген мемлекеттер сот жүйесін шұғыл реформалап жатыр. Сондықтан ертең Түркістанда өтетін басқосуда соттарды цифрландыру, елге ақша құятын инвесторлардың құқығын қорғау сияқты ең өзекті мәселелер ортаға тасталады. Бұл қадамдар ұйымның халықаралық аренадағы беделін де өсіре түспек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Конференцияда сот саласын цифрландыру мәселесі жан-жақты талқыға түседі. Сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау және басқа да маңызды мәселелер қаралады. Мұндай күн тәртібі өте орынды және өзекті деп айтуға болады. Осы мәселелер бойынша пікір алмасу біздің ұйымның одан әрі дамуына және оның беделінің күшеюіне үлкен серпін берері сөзсіз.

Мемлекет басшысы шетелдік қонақтарға Қазақстанның өз ішінде жасалып жатқан үлкен саяси өзгерістерді де баяндап берді. Ең бастысы, бірінші шілдеден бастап еліміздің жаңарған Конституциясы толық күшіне енеді. Жаңа Ата заңда қарапайым халықтың құқығын қорғау, заңның әділдігін қамтамасыз ету шегелеп жазылған. Әсіресе, қазіргі интернет заманында адамдардың жеке деректерін ешкім ұрлай алмайтындай қорғау мәселесі де заңмен бекітілді. Бұл реформаларды іс жүзіне асыру үшін 70-тен астам заң мен кодекске өзгеріс енгізілген.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ата заңымызда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін, соның ішінде цифрлық кеңістіктегі жеке мәліметтерін қорғау туралы норма көрініс тапты. Бұған қоса адвокатура туралы арнайы бап қосылды. Конституция ережелерін жүзеге асыру мақсатында жақында бес конституциялық заңға қол қойылды.

Жиында еліміздің Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев те сөз алып, отандық сот жүйесіндегі жаңашылдықтарды тізіп берді. Ендігі негізгі әңгіме ертең Түркістан қаласында жалғасады. Түркі әлемінің бас судьялары өзара тәріжібе алмасып, сотты қалай заманауи ету керектігін нақты шешпек.