Үш жылда медицина қызметкерлеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі жеті есе ұлғайған

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2026

Кейінгі үш жылда медицина қызметкерлеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі жеті есе ұлғайған. Мәселен, биылдың өзінде, ақ халатты абзал жандардың жалақысына 33 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ шалғай ауылдарда еңбек ететін дәрігерлерге бір реттік төлем қарастырылған. Бүгін Ақордада абзал жандарға құрмет көрсетілді.

Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Олардың төккен тері жай ғана санмен емес, аман қалған жанмен есептеледі. Мәселен, былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындаса, кейінгі үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды.  Бұл саладағы сапалы жұмыс пен қажырлы еңбектің жемісі екені анық. Адам өмірін сақтап жүрген жандардың қауіпсіздігі басты назарда. Бұған мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңды мақұлдағаны дәлел.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жалпы, мемлекет дәрігерлерді құқықтық тұрғыдан қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Соңғы үш жылда сала мамандарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі жеті есе ұлғайды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа қазынадан 33 миллиард теңге бөлінді. Осындай шаралардың арқасында медицина саласындағы кадрлық ахуал да тұрақтала түсті.

Ақордадағы айтулы жиында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға айрықша үлес қосқан мамандарға мемлекеттік наградалар табысталды. Олардың арасында саналы ғұмырын медицинаға арнаған тәжірибелі дәрігерлер, күрделі операцияларды сәтті жүргізіп жүрген хирургтер, ғылыми зерттеулермен айналысатын мамандар бар. Марапат иелері бұл жетістік тек өздерінің емес, бүкіл медицина ұжымдарының ортақ еңбегінің нәтижесі екенін айтады.

АҚМАРАЛ САВХАТОВА, СӘУЛЕЛІК ДИАГНОСТИКА ДӘРІГЕРІ:

Онколог радиолог дәрігерлері бізге әр сақталып қалған өмір әр емделіп өзінің обырынан жазылып шығып, социумға қосылған отбасына оралған науқас ол біз үшін ең үлкен мәртебе. Ең үлкен жетістігіміз. Құрмет ордені берілді ғой. Бұл Құрмет ордені жеке менің ғана жетістігім деп есептемеймін. Бұл бүкіл онкология саласында аянбай еңбек етіп жатқан жандардың жетістігі деп санаймын.

Медицина саласында жарты ғасырға жуық еңбек еткен білікті мамандардың бірі бүгінде жас буынға жол көрсетіп жүр. Кейіпкеріміздің жалпы еңбек өтілі – 50 жыл. Оның 20 жылын хирургия саласына арнаған дәрігер осы уақыт ішінде мыңдаған науқасқа ота жасап, талай адамның өмірін сақтап қалуға атсалысқан.

САҒИТ ИМАНҒАЗИНОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Ғылыми жұмыстармен байланысып соңғы 20 жылда ұстаздық еңбек етіп жатырмын. Бір біріне ұласып, сол еңбегім бүгін ақталып, еліміздің төрі Ақордадаға барып, ел Президентінің қолынан Құрмет орденін алу қуанышты бір бақытты сәт.

Қазіргі таңда медицина саласын жаңғырту, заманауи инфрақұрылымды дамыту және мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Ал адам денсаулығын қорғауды өмірлік миссиясына айналдырған ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.