Алматыда белгісіз ер адам 9 жасар баланы қуған

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2026

Алматыда 9 жасар баланы белгісіз ер адам ұстап алып кетпек болды. Оқиға 15 маусым күні кешкі сағат 8 шамасында Жангелдин көшесінде болған. Баланың анасының хабарлауынша, ұлы велосипедпен келе жатқан сәтте бейтаныс ер адам оның соңынан түскен. Қауіпті сезген бала қатты дауыстап көмек сұрағанымен, маңайдағы адамдардың ешқайсысы назар аудармаған. Қорыққан жеткіншек өз үйіне тоқтамай, адам көп жиналатын жақын маңдағы дүкенге қарай бет алған. Осыдан кейін күдікті ізін суытқан көрінеді. Оқиғадан соң анасы полицияға бейнежазба мен баланың толық түсініктемесін алып барған. Алайда құқық қорғау органдарының әрекетіне көңілі толмайтынын айтады. Ал полиция оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталмыш дерек бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізуде. Міндетті түрде күдікті анықталып, оның іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Нақты мән-жайлар және себеп-салдар анықталуда.