Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына орай жарияланған амнистия аясында жазасын өтеуден босатылатын азаматтардың қоғамға табысты бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында кешенді әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. Әлеуметтік бейімдеудің негізгі бағыттарының бірі – жұмыспен қамту. Бостандыққа шыққан азаматтарға жергілікті атқарушы органдар мен халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы олардың біліміне, еңбек тәжірибесіне және денсаулық жағдайына сәйкес жұмыс орындары ұсынылады. Қажет болған жағдайда азаматтар сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіптік оқыту курстарына жіберіледі. Сондай-ақ босатылған адамдарға жеке басын куәландыратын және өзге де қажетті құжаттарды қалпына келтіруге көмек көрсетіледі. Бұл олардың жұмысқа орналасуына, медициналық және әлеуметтік қызметтер алуына мүмкіндік береді. Тұрғылықты жері жоқ немесе қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар әлеуметтік бейімдеу орталықтарына орналастырылып, уақытша баспанамен және қажетті әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етіледі. Қайта әлеуметтендіру үдерісінде психологиялық және әлеуметтік сүйемелдеуге ерекше назар аударылады. Пробация қызметінің мамандары азаматтарға жаңа өмір жағдайларына бейімделуге, отбасымен және қоғаммен байланыстарын қалпына келтіруге қолдау көрсетеді. Бостандыққа шыққан азаматтарға медициналық көмек алу, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша кеңес беру, сондай-ақ құқықтарын іске асыруға қатысты құқықтық қолдау көрсету шаралары да қарастырылған. Амнистияның басты мақсаты – азаматтарды жазадан босатумен қатар, олардың қоғамға толыққанды оралуына жағдай жасау. Осы бағыттағы жұмыспен қамту, білім беру, медициналық, психологиялық және құқықтық қолдау шаралары адамның қалыпты өмірге бейімделуіне және қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.